Русский Сайттың толық нұсқасы

"ШЫҰ қауіпсіздік пен экономикалық өркендеуді қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады",- сарапшы

Астанада 16 елдің Президенті бас қосады. Олар Астана саммиті аясында әлемдегі геосаяси тұрақсыздық, терроризммен күрес, экономиканы жандандыру секілді өткір мәселелерді талқыламақ. Сондай-ақ, БҰҰ Бас хатшысы Гутерриш арнайы келе жатыр. Бұл еліміздің әлемдік аренадағы жоғары орнын көрсетеді. 

Шанхай Ынтымақтастық ұйымы. Бастапқыда «Шанхай бестігі» ретінде іргетасын қалаған бірлестік қазіргі таңда әлемдегі беделді ұйымдардың бірі саналады. Тарихы 1996 жылдан бастау алған құрылымға алғашқыда Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан мүше болды. 2001 жылы Өзбекстан қосылып, атауы мен құрылымы өзгерді. Кейіннен Үндістан, Иран және Пәкістан елдері де ұйымның құрамына кірді. Осы мемлекеттердің қарқынды жұмысының арқасында бірнеше құжат қабылданды, маңызды уағдаластыққа қол жетті. Саясаттанушы Риззат Тасым шекарамыздың бүтін әрі бекем болуына бұл ұйымның қосқан үлесі зор дейді.

Риззат ТАСЫМ, САЯСАТТАНУШЫ:

Бұл ұйымның аясында көбі біле бермейді, мүше мемлекеттер шекара маңынан 100 шақырым жерде ешқандай әскери оқу-жаттығуларын өткізуге және әскери іс-қимыл жасамауға өзіне осындай міндеттемелер алады. Соның арқасында, шекаралық мәселелерді шешу арқылы экологиялық, экономикалық, әсіресе ынтымақтастықты дамытуға жол ашылды.

Ұйымға мүше 9 елде әлем халқының 45 проценті тұрады. Жаһандық сауда-саттықтың 15 пайызы осы елдерге тиесілі. Әлемнің жарты жұртының басын қосқан ұйым мемлекеттер арасында сенім мен келісімді нығайтуды мақсат тұтады.

Джонатан КЭМПИОН, TIMES OF CENTRAL ASIA САЙТЫНЫҢ РЕДАКТОРЫ:

ШЫҰ аймақтағы қауіпсіздік пен экономикалық өркендеуді қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ, зорлық-зомбылық, экстремизмге қарсы күресте де ұйымның маңызы жоғары. Сауда келісімдері мен ірі инфрақұрылымдық жобалар арқылы әлем экономикасының ілгерілеуіне септігін тигізе алады.

Қазақстан ұйымға осымен 4-ші рет төрағалық етуде. Әр кезеңде де маңызды қарарлар қабылданды. Бұл құжаттардың саны алдағы күндері еселеп артады. Себебі, сарапшылар Астана саммитінде саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ықпалдастық және халықаралық геосаяси түйткілдердің түйіні тарқайды дейді.

Ерсұлтан ЖАНСЕЙІТОВ, ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ ҚЫТАЙ ЖӘНЕ АЗИЯ ЗЕРТТЕУЛЕРІ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Қазақстанның төрағалығын оң бағалауға болады. Себебі, бұл ел экономикада және басқа да салаларда ұйымның дамуына елеулі үлес қоса отырып, одан да беделді платформаға айналдыру үшін шын жүректен күш салды. Қазақстанның басымдықтары көп. Соның бірі экономикалық өзара байланыс. Бірлескен жобалар арқылы экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруымыз керек.

Бүкіл әлем көз тіккен шараға 16 елдің басшысы мен 10 мыңға жуық делегация қатыспақ. Саммит қорытындысы бойынша Астана декларациясына қол қойылады. Сондай-ақ, сарапшылар ұйымның таңбасы өзгеруі мүмкін дейді. Келісім тілі де ағылшын тіліне ауыспақ.