Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтауда тыйым салынған жерде шомылған екі адам суға батып кетті

  • AstanaTV
  • 01 шілде 2024
  • 377

Ақтау қаласының іргесінде қауіпті су каналы бар. Өкініштісі, шомылу маусымы басталысымен, мұнда өлім құшатындардың саны артады. Канал басында күні-түні кезекшілік атқаратындарды да ел елемеуге айналыпты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Күн жылынса Маңғыстаудан бөлек өзге өңірлерден де Каспийге келіп шомылатындардың саны көбейеді. Жергілікті тұрғындар мұндағы су каналының қауіпті екенін жақсы білгенімен, өзге аймақтың азаматтары ескертуді елемейді. Құтқарушылардың сөзінше, тақтайшаны көрсе де көрмегендей кейіп танытатындар көп. Мәселен, бірнеше жылдық еңбек өтілі бар Қанат Уалиханов осыдан бірнеше күн бұрын кешкі кезекшілікте бір уақытта екі адамның суға кете жаздағанын байқапты. Абырой болғанда, азаматтар аман.

«Адамдарға үгіт-насихат жүргізіп кеткенбіз. Суға түсуге болмайды, мына жер қауіпті аймақ деп бәріне айтылды. Сол аралықта айқай шығып кетті. Мен мына бетінде жүргенмін. Адамдардың даусын естіп келсек, екі жігіт батып бара жатыр екен. Екеуін шығарып алдық», – деді Маңғыстау облыстық ТЖД жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы Қанат Уалиханов.

Жаз қызығын көрмекке жағалауға келетіндердің қатары әсіресе, жазда көбейеді. Кейбір ата-аналар баласын көзден таса қалдырып, еркіне жіберіп қоятын көрінеді.

«Жалпы батып кету салдары көбінесе Шора каналынан шыққан су мен теңіздің ағысы қосылған жерде ұйық пайда болады. Ұйық пайда болған жердің тереңдігі әр түрлі. 2,5-3 метр деңгейде. Ұйықтың салдарынан батып кету қаупі жоғары», – деді Мұнайлы ауданы №5 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Мүсілім Құдайберген.

Шора каналының жағалауын бірнеше құтқарушы күн-түн демей, бақылауда ұстайды. Соның өзінде рұқсат етілмеген аумақта суға түсушілер азаймай тұр. Жалпы, соңғы 5 жылда аталған каналда 7 адам суға кетіпті. Оның екеуі жасөспірім. Биылдың өзі құтқарушылар екі адамның мүрдесін осы жерден алып шығыпты.