Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты төрт жылдық білім беру бағдарламасына толық көшті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Институт басшысы, генерал-майор Қайрат Даутовтің пікірінше, жаңа оқу бағдарламасы білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
"Төрт жылдық оқу мерзіміне көшу институтқа халықаралық білім беру стандарттарына сәйкес болуға мүмкіндік береді. Мұндай шешім жоғары білікті мамандарды дайындау процесін жеделдетеді, – деді басшы.
Биыл институт екі жаңа мамандық енгізіп отыр. Оның бірі - "Журналистика және әскери істегі қоғаммен байланыс" мамандығы.
Цифрлық технологиялар мен ақпараттық соғыс дәуірінде әскери журналистің рөлі барған сайын маңызды бола бастады. Бұл мамандықтың курсанттары сапалы контент құру, қоғамдық пікірді қалыптастыру және заманауи медиамен жұмыс істеу әдісін үйреніп шығады.
"Әскери істе дирижерлық ету" мамандығына оқуға түскен курстанттар жоғары кәсіби деңгейде түрлі іс-шараларды, шерулер мен рәсімдерді музыкалық сүйемелдеуді іске асыратын әскери оркестрлерді басқаруды үйренеді. Бұл мамандық курсанттарға әскери ортада шығармашылық жағынан да, өзін-өзі дамыту жағынан да жаңа мүмкіндіктер ашады.
Түлектер таңдаған мамандығына қарай әскери институт пен серіктес жоғары оқу орындары - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін немесе Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітіргені туралы екі диплом алып шығады.
Жаңа мамандықтарға оқуға түсуге ниет білдірген талапкерлер үшін биыл 20 маусымнан 7 шілдеге дейін шығармашылық емтихандарға тіркелу жүргізіледі. Ол 8-15 шілде аралығында өтеді.