Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан мен Қытай арасында 45 инвестициялық жоба іске асады

Көршілес аспан асты елімен сауда экономикалық, инвестициялық байланыс күн санап артып келеді. Былтыр екі ел арасындағы сауда-саттық 41 млрд доллардан асқан. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта еселеп көбейеді. Себебі қос тарап жалпы құны 5,2 млрд доллардан асатын 45 жобаға қол қойды. 

Аспан асты елімен қарым-қатынас орнағанына 30 жылдан асты. Осы уақыт ішінде іргелес жатқан елмен экономикалық, сауда-саттық, транзиттік бағытта достығымыз нығая түсті. Бұл соңғы 10 жылда өзінің шарықтау шегіне жетті. Былтыр Қытай Халық Республикасы елімізге 1,2 млрд доллар көлемінде инвестиция құйған.

Роман СКЛЯР, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Қытай - ірі серіктестеріміздің бірі. Екі ел арасында достық пен сенім орнаған. Өткен жылы тауар айналым 30 пайызға артты. Бұл рекордтық көрсеткіш. Биыл да тауар айналым деңгейі артып жатыр. Қазір елімізде Қытай капиталы салынған 4 мыңнан астам компания жұмыс істеп тұр. Тағы 45 инвестициялық жобаны іске асыру міндеті тұр.

Қазақстан - Қытай мен Еуропаны жалғайтын көпір. Мәселен, бұрындары аспан асты елінен Германияға жүкті кеме арқылы тасымалдайтын. Оған 1 айға жуық уақыт кетеді. Онымен қоса қыруар қаржыны талап ететін. Ал қазір сол жүкті Қазақстан арқылы 16 күнде жеткізеді.

Ғабидолла ОСПАНҚҰЛОВ, ҚР СІМ ИНВЕСТИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Ланьунганда ҚТЖ-ның үлкен жобасына бүгін қол қойылады. Оның нәтижесінде тауар тасымалы бірден ұлғаятын болады. Бұл Еуропа мен Қытайдың арасындағы Қазақстан үшін өте үлкен мүмкіндік. Және инвесторлардың Қазақстанға келуіндегі бірден-бір басымдық екі арадағы Қазақстанның жылдам әрі арзан бағада жеткзуіне қызығушылық танытып отыр.

Қостанай облысында халықты 600 жаңа жұмыс орнымен қамтитын, бидайды терең өңдейтін QostanayGrainIndustry зауыты іске қосылады. Бұл келісімге Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесі аясында қол қойылды. Зауыт 2027 жылы іске қосылады деп күтілуде. Кәсіпорын бір күнде 1200 тонна дәнді дақылды өңдейді. Оған 50 млрд теңге инвестиция тартылады.

Әлихан ҚАЙРАТБЕК, "KAZFOODPRODUCTS" КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Өндіріс орнында амин қышқылы, биоэтанол, глютен, мал азығы, бидай кебегі шығарылмақ. Сондай-ақ, төртжақты келісім құжаты негізінде крахмал сірнесі зауытынің өндірісін жылына 33 мың тоннаға дейін арттыру көзделіп отыр. Жаңа жұмыс орындары ашылып, қазақстандық кондитерлік компаниялар толығымен отандық крахмал сірнесімен қамтылатын болады. Біз ауылшаруашылығы саласында осындай ауқымды жобаларды қолға алып отырғанымызға қуаныштымыз.

CITIC GROUP компаниясы елге 3 млрд доллар көлемінде инвестиция құйған. Мамандар бұл көрсеткіш артатынына сенімді. Компания басшылығы екі жақты қарым-қатынасты дамытуға бар күш-жігерін салатынын айтты.

Си ГУОХУА, "CITIC GROUP" ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Екі ел арасындағы қарым-қатынас жаңа алтын деңгейге шықты. Экономикалық, инвестициялық байланыс та одан әрі арта түсті. Біздің бұл келісімдеріміз екі ел арасындағы достық қатынасты әрімен қарай жетілдіретініне сенімдімін.

Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесі барысында екі ел арасында стратегиялық байланысты күшейтетін бірқатар құжатқа қол қойылды. Мұндай келісімдер қос мемлекеттің ұзақмерзімді әріптестік орнатуға, экономикалық тұрғыда өркендеуіне жаңа бағдар беретіні анық.