Русский Сайттың толық нұсқасы

Бизнеске арналған 1,5 млн теңге грантқа өтінім қашан қабылдана бастайды

  • AstanaTV
  • 04 шілде 2024
  • 327

 15 шілдеден бастап Business.enbek.kz порталында 2-лек бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар алуға өтінім қабылдана бастайды. Республика бойынша екінші лекте 4 655 адамға грант беру жоспарланып отыр, - деп жазды KAZINFORM.

Грант қайтарымсыз негізде беріледі, нысаналы мақсаты - жаңа бизнесті бастау және дамыту. 

Грант көлемі - 400 АЕК (1 476 800 теңге). Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.

Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өтінім беру үшін:

— Порталда тіркелу;

— грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;

— бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;

— өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою қажет.

Интернет немесе компьютер болмаған жағдайда, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.

Грант алу үшін бірқатар шарттарды сақтау қажет.

Жаңа бизнес-идеяны іске асыруға грантты кімдер ала алады:

— тіркелген жұмыссыздар;

— жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін).

Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:

— мүгедектігі бар адамдар;

— қолданыстағы «кандас» мәртебесі бар адамдар;

— өңіраралық қоныс аударушылар

— аз қамтылған отбасы мүшелері;

— көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);

— мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);

— асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.

Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.

Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту, өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін гранттар берудің бүкіл процесі электрондық форматқа ауыстырылды. Грант алуға өтінімдерді қабылдау бірыңғай терезе — «Business.enbek.kz» порталы арқылы жүзеге асырылады.

Грантты: қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады.

Гранттар: тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.

Гранттарды Еңбек мобильділігі орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.

Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай өлшемшарттар бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.

Осылайша, грант беру туралы шешім комиссиялық түрде және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты өлшемшарттары негізінде қабылданады.

Комиссия шешімі үміткердің Порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі.

Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді.

Мұның бәрі Еңбек мобильділігі орталықтары мен оның филиалдарына (мансап орталықтарына) бармай-ақ, электрондық форматта жасалады.