Жамбылдықтарды жаңбыр суы әбігерге салды. Сарысу ауданы Жаңатас қаласындағы екі елдімекен су астында қалды. Шойын жолды су басып, темір жол қатынасы үзілді. Селден көпір құлап, су тас жолды шайып кеткен. 400-ден аса ауланы су басып, 50 ге жуық үй жарамсыз болып қалды. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, шығын көлемі есептеліп жатыр.
Жексенбіде бұршақ жауып, соңы нөсер жауынға ұласты. Екі сағаттан астам уақыт жауған жаңбырдан Жаңатас қаласындағы екі елдімекенді су алды. Алты жүз абонент жарықсыз қалды. 400 ден аса ауланы су басқан. 50 ге жуық үй жарамсыз болды. Ал «Жаңатас-Саудакент» тас жолында қатынас үзілген. Себебі шағын қалаға кіреберістегі көпір құлап, тас жолды су шайып кетті.
Темір жол қатынасы да тоқтады. «Шарбақты – Жаңатас» бағытындағы шойын жолдың 171 шақырымында қозғалыс үзілген. 25 метрдей жер бүлініп, рельстердің астыңғы тас-шағалын сел ағызып әкеткен. Салдарынан жүк пойыздары 5 сағаттан аса жолда тұрып қалды. Қазір жағдай қалпына келді. Бірақ қозғалысқа шектеулі жылдамдық енгізілді.
Арман ТОҚАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ:
Қазіргі уақытта су деңгейі төмендеді. Жаңатас-Саудакент тас жолы ашылды. Адам мен мал шығындары жоқ. Зардап шеккен халықты қабылдау үшін М. Әуезов мектебінде 45 орын және орталық ауруханада 60 орын дайындалды.
Қазір қаланы жаңбыр суынан тазарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Арнайы техникалардың көмегімен 13 көшеден 18 мың текше метр су сорылды. Зардап шеккен тұрғындар үшін қабылдау пунктері дайындалған, онда 12 адам орналысып, жағдай реттелген соң үйлеріне қайтыпты. Бүгін жарық берпілді. Бірақ, жертөлесін су басқан Қонаев мектебінде электр энергиясы әлі жоқ. Қарбалас сәтте жаңатастықтар жанталаса жүріп құтқарушылармен бірге жұмыс істеді. Су сору жұмыстары әлі жалғасуда. Мамандардың айтуынша, бес аудан сел жүру қаупі бар картаға енген, 18 өзен бақылауға алынды.
Сәкен МАМЫТБЕКОВ, САРЫСУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
Жалпы оқиға орнына Жамбыл облысының азаматтық қорғау қызметтерінен 282 қызметкер, 64 техника, 35 мотопомпа және бір арнайы құтқару қызметінің су сорғыш автомобилі жұмылдырылды. Су басқан учаскелерде 188 аулы мен үй іштеріндегі су толық шығарылды.
Өңірде шұғыл штаб құрылған. Қазір Жаңатаста шығынды есептеу жұмыстары жүріп жатыр. Қалада табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.