Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде нан өндірісі азайды

"Жеп қой, бай боласың!" Ысырапшылықтың алдын алып, нан қиқымын асайтын едік. Ал қазір ас атасын жемейтіндер де бар. Салдарынан өндіріс көлемі айтарлықтай азайыпты. Мәселен былтыр 2022 жылмен салыстырғанда 8 мың тонна нан кем пісірілген. Осы және өзге де ақпараттар "Экономика" топтамасында.

Бұрындары табаға піскен нанды таласып жеуші едік. Дәмі тіл үйіретін. Ал қазір қамыр илеп, нан ашытатындар жоқтың қасы. Барлығы дерлік ас атасын сатып алады. Бірақ, жылдан жылға өндіріс көлемі азайып жатыр. Былтыр елде 513 мың тонна нан пісіріліпті. Бұл -1999 жылдан бергі ең төмен көрсеткіш. Өндірістің құлдырауына сұраныстың азаюы себеп дейді мамандар. Осыдан 10 жыл бұрын әр адам жылына орта есеппен 45 келі нан жесе, қазір 28 келі тұтынады екен. Тіпті нанды мүлдем жемейтіндер де бар.

Елімізде жыл басынан бері 7 мыңнан астам киберқылмыс тіркелген. Алаяқтар халықтың 12 млрд теңгеге жуық қаржысын қалтасына басқан. Қылмыстың 3 мыңға жуығы интернет-сауда түріндегі хабарлама арқылы жасалса, 2 мыңнан астамы WatsApp желісі мен e-Gov қызметіндегі жеке кабинеттен ұрланған ақпарат бойынша жасалған. Былтыр 44 мың отандасымыз кибер-қылмыстың құрбаны болып, 140 млрд теңгесінен айырылған. Құзырлылар бармақ тістеп қалмас үшін бөгде адамдарға жеке деректерді бермеуді, интернет платформаларда сіз жайлы ақпараттардың жария болмауын қадағалаңыз дейді.

Еліміздің тұмса табиғатына қызығушылық танытатындар көп. Биыл Алакөлде демалуға 2 млн турист келеді деп жоспарланған. Ал Қайыңды мен Шарын каньионын 400 мыңға жуық адам тамашалаған. Тарихи мекен Түркістанға да 300 мың саяхатшы ат басын бұрыпты. Дені шетелдік туристер. Жыл басынан бері салаға 271 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе көп. 2023 жылы 130 млрд теңге бөлінген еді. Инвестиция көлемі Астана, Алматы қалаларында, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қостанай облыстарында артқан. Қаржы тамақтану, ойын-сауық, жатын орындары секілді 14 бағытқа бөлінген.

Валюта бағамына тоқталайық. Қор нарығында доллар бүгін біршама көтерілді. 480 теңге, Еуро - 520 теңге, Ресей рублі - 5,47 теңге болды.