Русский Сайттың толық нұсқасы

Инвесторлар жақсы қарым-қатынасты сезбейді - Қасым-Жомарт Тоқаев

  • AstanaTV
  • 24 ақпан 2017
  • 2861

Қазақстандағы инвесторлар өздеріне деген жылы қарым-қатынасты сезбейді. Елімізде бизнеске бағытталған бір терезе жүйесі әлі де дұрысталмаған. Бүгін парламенттегі «Бизнестің құқықтары мен мүдделерін қорғауды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету» тақырыбына арналған тыңдауда Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді.

«Қазіргі жас буын алып компанияларда немесе мемлекеттік қызметте ғана жұмыс істегісі келеді. Бұл - алаңдатарлық үрдіс». Осылай деген Сенат төрағасы жастарды студенттік, тіпті мектеп кезінен кәсіпкерлікке үйрету керектігін жеткізді. Сондай-ақ, барлық кедергілерді жойып, жастардың бизнеспен айналысуына жол ашуымыз керек, - деді Қасым-Жомар Тоқаев.

Сенат төрағасының сөзінше, елімізде отандық бизнесті дамыту үшін тиісті шаралар жасалғанымен, шағын және орта бизнесте инновациялық өнімнің үлесі төмен. Сондай-ақ, жиында Қасым-Жомарт Тоқаев бір терезе жүйесін сөз қылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Шетелдік инвесторларға да, отандық кәсіпкерлерге де қатысты қызмет көрсететін «бір терезе» жүйесін құру мәселесі тұр. Мемлекет басшысы бұл туралы бірнеше рет айтқан болатын. Бір терезенің орнына қосымша терезелер пайда болып жатыр. Шетелдік инвесторлар әзірге өздеріне деген мұқият, ерекше қарым-қатынасты сезіп отырған жоқ. 

Ал «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов бизнестің қаражатқа қолжетімділігі туралы айтты. Оның сөзінше, базалық мөлшерлемені төмендетіп, несиеге жол ашу керек. Сондай-ақ зейнетақы қорын жекеменшік басқаруға беріп, бақылауды күшейту қажет.

Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасы:

Бізге қор нарығын және капитал нарығын жасау керек. Бұларды зейнетақы қорлары жекеменшікте болған кезде жүргізгенбіз. Алайда мәселелер туындап, қор нарығында кіріс болмады. Зейнетақы қорлары туралы қоғамның алаңдаушылығын көріп отырмыз. Бізге жекеменшіктер керек, бақылауды күшейтіп, зейнетақы қорлары мемлекетке өтпей тұрғандағы қателіктерді жасамауымыз қажет.

Ал сенат депутаты Дариға Назарбаева Ұлттық экономика министріне ауыл шаруашылығы өнімдері мен дәрі-дәрмек бағасына қатысты сұрақ қойды. Министр Тимур Сүлейменов өз жауабында азық-түлік бағасын өсірмеу үшін жергілікті атқарушы органдарға өкілеттілік берілетінін айтты.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын ұстап тұруға қатысты бірнеше ұсыныс дайындап қойдық, бірақ біздің ойымызша, тауардың үстеме бағасына тіреліп қалмаған жөн. Біздің бұған қатысты басқа ұсынысымыз бар. Яғни біз жергілікті атқарушы органдарға әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің санаулы түріне 5 күннен 90 күнге дейінгі қысқа мерзімде шекті баға енгізуге өкілеттік береміз.

Дариға Назарбаева Абылай Мырзахметовқа экспорт бағытын жасаумен мемлекет емес, ұлттық кәсіпкерлер палатасының өзі айналысу керек екенін айтқан. Себебі қазіргі таңда сыртқы саясаттың арқасында басқа елдерге есік ашық. Абылай Мырзахметов өкілеттілігі бар жерде палата жұмысын істеп жатқанын, тек Қытай, Иран сияқты фитосанитарлық қиын аймақтарда мемлекеттің көмегі міндетті түрде керек екенін жеткізді. 

Саламат ОМАШ