Шымкентте инвестициялық жобалардың интерактивті картасы іске қосылды. Пилоттық жоба ретінде қолға алынған жаңа жүйе инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге, олардың жүзеге асырылу барысына бақылау жасауға және жобаларды прокурорлар тарапынан қорғауға арналған құрал болып саналмақ. Интерактивті картаның іске асу тәсілі арнайы таныстырылды. Ол үшін қолданыстағы интернет порталы жетілдіріліп, жалпы құны 443,5 млрд теңге болатын 59 жоба енгізілген. Нәтижесінде кәсіпкерлердің құжаттарын әзірлеуден бастап құрылыс-монтаж жұмыстарын қадағалап, ол іске қосылғанға дейінгі сүйемелдеудің барлығы жіті назарда болады. Сонымен қатар, кәсіпкерлік нысанның толық өндірістік қуаттылығына шығып, өзіндік құнын ақтау кезеңдерін де мониторингтік топ арнайы бақылауда ұстайды. Бұл -елімізге тиімді инвестицияларды тартып, оны уақытылы іске қосуға көп сеп болмақ дейді Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі.
Тимур НАҚЫПБЕКОВ, «АТАМЕКЕН» ҰКП БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ресми құжаттарды әзірлеу, инфраструктуралық мәселелерді шешуде көптеген инвесторлар қиындықтарға тап болады. Ал, соның барлығын қай деңгейде, қай уәкілетті, жауапты органның кесірінен болмаса да кәсіпкердің өзінің бәлкім баяу қозғалуының әсерінен инвесторлық жобалар уақытылы жүзеге аспай жатыр, соның бәрін бақылап отыруға болады және де әрине бұл жерде тиісті жауапты қызметкерлердің бұл жерде жауапкершілігін қарастыруға болады карта арқылы.