Бүгінде
кәсіпкерлер қайырымдылық мақсатына айтарлықтай қаржы бөлгенімен, оның
қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанын біле бермейді. Салдарынан бөлінген ақшаның
көп бөлігі діттеген мақсатқа жетпей жататын олқылықтар бар. Осындай жағдайды
болдырмау мақсатында бүгін Астанада алғашқы корпоративтік қайырымдылық форумы
өтіп жатыр.
Қазақстан және Ресей
қайырымдылық қорларының басын біріктірген форумда 25 үздік спикер, 150-ге жуық
компания өкілдері бас қосты. Онда үздік тәжірибелерді жинақтап, оларды іс
жүзінде қолдану мақсаты қойылды.
Осы орайда 2006 жылы құрылған
«Самұрық-Қазына Траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының тәжірибесі аталды.
Қор қайырымдылыққа бөлген қаражаттың басын біріктіріп, оларды халық сұранысына
орай діттеген мақсатқа жұмсайды.
Өмірзақ
Шөкеев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басқарма төрағасы:
Біз
қайырымдылық жобаларға ерекше үлкен көңіл бөліп келеміз. Компанияның барлық
қайырымдылық қаржысын жинақтайтын "Самұрық-Қазына Траст" жобасы
аясында көмекке мұқтаж жеке адамдарға ғана емес, тікелей әлеуметтік жобаларды
іске асыра бастадық. Бұл жоба ауқымды әрі жүйелі түрде елдің 9 өңірінде іске
асатын болады. Бұл халықтың сұранысы бойынша таңдалып алынған аймақтар.
Осы
9 аймақ ішінде «Менің елім» бағдарламасы аясында өткен жылы Ақмола облысының
Аршалы ауданында жаңа саябақ, спорт алаңдары тұрғызылып, ел игілігіне берілген.
Аудан орталығындағы мектептің спорт залы да күрделі жөндеуден өткен еді. Енді
Петропавл облысында да осы сынды игі шаралар жүзеге асырылып жатыр.
Болат
Бақауов, Павлодар облысының әкімі:
«Менің
елім» бағдарламасы біздің өңірге
пилоттық жоба ретінде келді. Бірден балалар алаңдарын, хоккей кортын тұрғыздық.
Бұның барлығына шамамен 1 млрд теңге бөлінді. Жергілікті мектеп залдары да
заманауи үлгіде жөндеу көрді. Бізде жергілікті билік атынан алаңдарды
жарықтандырып, бейнебақылау орнаттық. Басында қаржыландыру жүйесі қалай болады
деген қорқыныш болған, енді істің тиімділігін көріп отырмыз.