Русский Сайттың толық нұсқасы

Биыл мас күйде көлік айдау салдарынан 26 адам қаза тапты

Жыл басынан бері мас күйде көлік тізгіндеу салдарынан 178 жол апаты болып, 26 адам қаза тапқан. Соңғы 6 айда 12 мыңнан астам мас жүргізуші ұсталып, жүргізу құқығынан айырылды.

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев осылай деді. Министрлік «Қорғау» бағдарламасын әзірлеген. Ол полицияға жолда өрескел заң бұзатын жүргізушілерді анықтауға және олармен алдын алу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Мұндай бағдарлама барлық 20 аймақта қолданылады. Дәл осы бағдарламаның көмегімен 339 мыңнан астам көлік құралы тексеріліп, 20 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. 9 мыңға жуық автокөлік айыппұл тұрағына қамалды. Жалған нөмірлі 173 көлік анықталған. Ал есірткімен байланысты 4 мың құқықбұзушылық анықталды. 31 жасырын есірткі зертханасы жойылды.

Шынғыс ӘЛЕКЕШЕВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Ішкі істер министрлігі жұмысының негізгі бағыттарының бірі – есірткі қылмысына қарсы күрес. Жыл басынан бері осы бағытта полицейлер 9 мыңнан астам алдын алу шарасын жүргізді. Алты айда 4 мың есірткі құқық бұзушылығы анықталды, оның ішінде 1600-ден астамы – қылмыс деп танылды.