Русский Сайттың толық нұсқасы

Тұңғышбай Жаманқұлов ісі бойынша алдын ала сот тыңдалымы басталды

  • AstanaTV
  • 27 ақпан 2017
  • 3566

Мемлекет қаржысына қол салды деп айыпталған халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың ісі бойынша алдын ала сот тыңдалымы өтті. Актерден бөлек жемқорлық әрекетке қатысы бар деген күдікке тағы бірнеше адам іліккен. Қомақты қаражатты талан-таражға түсіргендерді қандай жаза күтіп тұр? Сот залынан оралған алматылық тілшіміз Айгүл Ермахан тарқатады.

Айгүл Ермахан, тілші:

Тұңғышбай Жаманқұлов өткен жылдың қарашасында қаржы жымқырды деген күдікпен қамауға алынған. Тергеу мәліметіне сүйенсек, ол «Феникс» атты фильмге бөлінген 69 млн ақшаны талан-таражға салған. Кінәсін толық мойындап, кепіл ақша төлеп босатылған еді. Ал, жемқорлық ісіне актерден бөлек тағы 8 адамның қатысы бар. Олардың әрқайсысының ісімен Медеу аудандық №2 сотының судьясы жіті танысты. Айыпталушылардың қорғаушылары  әділ соттан үмітті.

Бақыткүл Қадырбекова, Т.Жаманқұловтың адвокаты:

Қазір осындай шешім болады деп нақты айтуға ерте. Бірақ соттың істі жүргізу кезінде әділетті қарайтынына сенеміз.

Талан-таражға түскен ақшадан «ауыз тиді» деп айыпталып жатқандардың бірі «Феникс» фильмінің режиссері - Талғат Жәнібеков. Ол  Қылмыстық кодекстің 189-бабы, яғни "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» дерегі бойынша айыпты деп танылған. Бұл бап жеті жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады. Екі айдан бері абақтыда отырған Жәнібековтің денсаулығы сыр бергенін оның  Адвокаты айтты. Оны кепілмен босату туралы судьяға өтініш білдірген.

Серік Айтбаев, Талғат Жәнібековтің адвокаты:

Айыпталушы Жәнібековке сотқа дейін ота жасалды. Дәрігерлер бүйрегінен тас алды.  Сондай-ақ жүрек талмасына ұшырады. Туғаннан жүрегінде ақау бар. Барлық анықтамалары іс құжаттарында көрсетілген. Сондықтан кепілмен босатуыңызды сұраймын.

Нұрша Жәнібекова, Талғат Жәнібековтің әпкесі:

Мына кісі - Талғаттың анасы. Жасы 90-да.  Өмірін еңбекке арнаған кісі. Сауыншы болып жұмыс істеп үй алған. Сол үйде қазір Талғат бірге тұрады.  Бізде зәулім үйлер жоқ. Қарапайым адамдармыз. Біздің  інімізді қалай ақша ұрлады деп айыптайды?

Айгүл Ермахан, тілші:

Халық әртісін 4 қорғаушы қорғап жатыр. Режиссер Талғат Жәнібековтің адвокаты Серік Айтбаев судьядан олардың қатарындағы бір адвокатты шығаруды өтінді. Айтуынша, ол бастапқыда жемқорлық ісіне қатысы бар деп күдікке ілінген Юдинаны қорғаған. Кейін Жаманқұловты ақтауға кіріскен. Қорғаушылардын бірнеше өтініш хат алған судья шешімді ертең жариялайтынын айтты. Ақшаны жымқырды деп айыпталған өзге күдіктілерден Қылмыстық кодекстің 28 бабы 5 тармағы, яғни "Бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену" бойынша жауап алынады.