Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде 4 газ өңдеу зауыты ашылады

Елімізде газ қымбаттады. Бірден 14 процентке өскен. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты. Былтыр халықтың 60 пайызы, яғни 12 млн адам газбен қамтылған. Биыл бұл жұмыс жалғасады. Ол үшін бюджеттен 89 млрд теңге бөлінді. Үкімет мұнымен шектелмеді. Тез әрі тиімді жұмыс жүруі үшін тағы 105 млрд қосты. Бұл 300 мыңнан аса тұрғынды табиғи отынмен қамтып, 1700 шақырымнан аса желіні жаңартуға мүмкіндік береді.

Алмасадам СӘТҚАЛИЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Таратушы газ құбырларында жабдықтарды жөндеу, газ құбырларын тексеру жұмыстары атқарылып жатыр. Жалпы газ тасымалдау жүйесін жылыту маусымына дайындау жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп, 15 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарда бар.

2030 жылға дейін елімізде 4 газ өңдеу зауыты ашылады. Бұдан бөлек, 182 ақауы бар құбыр ауыстырылады. Биыл 60,5 млрд текше метр табиғи отын өндіру жоспарланып отыр. Ол өткен жылмен салыстырғанда 2,3 процентке жоғары. Газ өндіру мен өңдеу көлемінің ұлғаюына қарамастан көгілдір отынның тапшылығы бар. Қашағанда және Жаңаөзенде газ өңдеу зауыттарын салу тым ұзаққа созылып кетті. Үкімет басшысы бұл проблеманы дереу шешуді тапсырды.

Олжас БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Газ тапшылығына жол бермеу маңызды. Қуат көздерін арттыру үшін инфрақұрылымды жаңғыртуды және газды барлау мен қайта өңдеуге инвестициялар тартуды жеделдету қажет. Үкіметке азаматтардан газбен жабдықтау мәселесіне қатысты көптеген арыз-шағым келіп түсіп жатыр. Тиісті мекемелер бірінші кезекте, халыққа сапалы қызмет көрсетуге жұмылдырылуы қажет. Туындаған проблемаларды дереу шешу керек.

Былтыр газ қозғалтқышы бар автокөлік саны 582 мыңға жетіп, 18 процентке артты. Сұйытылған газ бағасының төмендеуіне байланысты көбі осы отын түріне көшкен. Осылай жалғаса берсе, табиғи отынға деген тапшылық 25 пайызға жетуі мүмкін.