Русский Сайттың толық нұсқасы

Су тасқынына зардап шеккендерге баспана салу кешіктіріліп жатыр

Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға үй салу кешіктіріліп жатыр. Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола және Атырау облыстарында құрылыс қарқыны тым баяу. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов осылай деп мәлімдеді. Ол су тасқынынан кейінгі тұрғын үйлерді және инфрақұрылымды қалпына келтіру мәселелеріне арналған кеңес барысында министрлер мен облыс әкімдерінің баяндамаларын тыңдады. Жиында Үкімет басшысы бірқатар кемшіліктерді атап өтті.

Олжас БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Кейбір үйлерді тапсыру талаптары дұрыс орындалмай жатқаны байқалады. Ол құрылыс материалдарының жетіспеуі және кеш жеткізілуі, еңбек ресурстарын жұмылдыру мен учаскелердегі арнайы техникаға байланысты болып отыр. Бұл бірқатар өңірде жұмыстың кестеден 15-25 күнге кешігу мәселесін туындатып отыр. Сондай-ақ құрылыс нормаларын бұзу фактілері бар. Құрылыстың мерзімі мен сапасына облыс әкімдері жеке жауапкершілік алады.

Үкімет басшысы Президент жүктеген міндеттерді орындау үшін шамамен 2 жарым ай қалғанын еске салды. Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев пен Энергетика және көлік вице-министрлері жұмыс уақытының негізгі бөлігін барлық жұмыс аяқталғанға дейін өңірлерде, тікелей құрылыс алаңдарында өткізетіні туралы тапсырма берді.