Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы облысында дүкенге балмұздақ алуға шыққан қыз 5 күннен бері табылмай жатыр

  • AstanaTV
  • 19 шілде 2024
  • 477

Алматы облысында 16 жастағы бойжеткен ұшты-күйлі жоғалып кетті. Жақындарының айтуынша, Айкүміс Қуатбек «Балмұздақ аламын» деп дүкенге кеткен. Іздеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанына осымен 5-ші күн. Ешқандай хабар-ошар жоқ.

Жанар ҚАБДУЛБАЕВА, АЙКҮМІСТІҢ АНАСЫ:

5-те кетті 6-ға 15 минут қалғанда көкесіне жазыпты ватсаптан. «Көке, маған ақша салыңызшы 900 теңге, мен сізге, үйге мамама мороженое аламын»деп. Көкесі 900 теңге салған. Звондап 900 теңгең түсті ма деп звондағанда уже телефоны өшірулі.

Айкүміс Қуатбек ізім-ғайым жоқ болғаннан кейін, оның жақындары қыздарының әлеуметтік желіде Өзбекстан азаматымен танысқанын білген. Жігіт 1998 жылғы. Ең сорақысы, алғашында бейтаныс ер адамның есімін өзгертіп айтқан. Бойжеткеннің жақындары оны басты күдікті ретінде қарастырып отыр.

Мадина ҚУАТБЕК, АЙКҮМІСТІҢ ТУЫСЫ:

Мен сұрадым ғой аты-жөні кім мына жігіттің, Ерболат деп айтты. Ал данныйын сұрастырғанда Еділхан деп шықты. Өзбекстанның азаматы осы жаққа келген, осы жерде жұмыс істеп осы қызбен танысып тұр ғой телефон арқылы.

Айдана ШАЛҚАР, ТІЛШІ:

Айкүміс керек-жарағын алу үшін дәл осы дүкенге келген. Бойжеткеннің ата-анасы сатушыларға күдіктінің суретін де көрсетіпті. Бірақ олар “бұндай жігітті кездестірмедік”- дейді.

Құралай БАЙМЫРЗАЕВА, КУӘГЕР:

- Айкүміс кірді, магазинге кіріп бір зат алды, бірақ ойымда қалған жоқ. Шығып кетті, мына жерде тұрып телефонмен сөйлескенін көрдім.
Телефонмен не деп сөйлескенін естіген жоқсыз ба?
- Естіген жоқпын, потому что іште адамдар болды, соларды жіберіп отырдым. Ол мына жерде тұрды.

Алматы облысының Полиция департаменті аталмыш жағдайға қатысты пікір білдірді.

Ернар САЙДИЛЬДИН, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПД РЕСМИ БАСШЫСЫ:

Кәмелет жасқа толмаған қыз баланы іздеу бойынша арнайы топ құрылды. Полиция жоғалған баланың жақындары мен таныстарына сауалнама жүргізіп, оның жүрген маршруттары, такси жүргізушілері және басқа да куәгерлер анықталып сұрау алынды. Өңірлік полиция бөлімшелеріне бағдарлар жолданды. Жоғалған адамның орналасқан жерін тезірек анықтауға және оны үйіне қайтаруға бағытталған барлық қажетті жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.

Айкүміс Қуатбектің ата-анасының күні күлкісіз, түні ұйқысыз өтіп жатыр. Қыздарының қайда, кіммен жүргені жайлы ешқандай дерек жоқ.