Облыс әкімі Асайын Байханов марқұмның туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңір басшысы өзінің telegram-парақшасында мәлімдегендей, бүгін «Майқайың-алтын» АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде тұрақты негізде аздаған үзілістермен іздестіру жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде екі құтқарушының бірінің денесі табылды. Павлодар облысының ТЖД күшімен құтқарушының мүрдесі жер бетіне көтеріліп, жедел-тергеу тобына берілді.
Табылған жетон мен киімінен құтқарушылар взводы командирінің 36 жастағы орынбасары Айдос Шаймерденнің денесі табылғаны анықталды.
Облыс әкімі Айдостың ата-анасына, оның жұбайы Нұрсұлуға, сондай-ақ, туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
– Өздеріңіз білетіндей, орын алған апаттың бірінші күні екі құтқарушының – Сарқыт Берліқан мен Олег Тышкевичтің денелері табылған болатын. Енді туыстары Айдос Шаймерденді де жер қойнына тапсырып, дұға жасай алады. Марқұмға иман байлығын берсін, – деді Асайын Байханов.
55 жастағы жүргізуші Айып Тілеубергеновтің денесі әлі табылған жоқ. Іздестіру жұмыстары жалғасуда.