Русский Сайттың толық нұсқасы

Жаманқұлов ісі бойынша айыпталғандардың тергеу абақтысында отыру мерзімі ұзартылды

  • AstanaTV
  • 28 ақпан 2017
  • 2281

Қаржы жымқырды деп айыпталған «Феникс» фильмінің режиссері Талғат Жәнібеков пен «Қазақфильмнің» топ-менеджері Гаухар Ысқақова тергеу абақтысында қала беретін болды. Алматының Медеу аудандық соты олардың кепілдікпен босап шығу туралы өтінішін қабылдамады. Қорғаушылары ол екеуінің денсаулығы сыр бергенін айтып, сотқа өтініш түсірген еді. Бірақ судья Тәкен Шәкіров күдіктілердің қамауда отыру мерзімін тағы екі айға созды.

Тәкен Шәкіров, Медеу аудандық №2 сотының судьясы:

Жәбірленуші тарап пен прокурорды, адвокаттар мен айыпталушыларды тыңдай отырып, сот мынадай шешімге келді. Оларға тағылған айып ауыр қылмыс түріне жатады. Қылмыстық кодекстің 189-бабы, 4 бөлімі бойынша  жеті жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру мен мүлкін тәркілеу қарастырылған. Сондықтан қорғаушылардың өтініштері қабылданбайды. 

Рена Керімова, Г. Ысқақованың адвокаты:


Егер адам кінәсін мойындамаса, оны кепілмен босатпау керек деген заң жоқ. Жәнібеков пен Ысқақова кінәсін мойындамағаны үшін абақтыда отыр. Ал мойындағандар емін -еркін қорғаушыларымен бірге жүр. Ысқақованың кінәсі дәлелденген жоқ, бірақ ол жазасын өтеуді бастап кетті. Жасы келген адам. Қан қысымы көтеріледі. Анықтамаларын көрсеттік. Есепке алмады.

Актер Тұңғышбай Жаманқұлов өткен жылдың қарашасында қаржы жымқырды деген күдікпен қамауға алынған. «Феникс» фильміне бөлінген 69 млн талан-таражға салды деп айыпталып отыр. Жемқорлық ісіне қатысты актерден өзге 8 адам сотқа тартылды. Келесі сот отырысы наурыздың 9-на жоспарланды.