Демалыс күндері, Қызылжар өңірінде ақ түтек боран соқты. Салдарынан жүздеген көлік қар құрсауында қалған. Облыста желдің жылдамдығы секундына 25 метрге дейін жеткен. Осыған байланысты 8 бағыт бойынша негізгі тас жолдар жабылды. Төтенше жағдай департаменті мамандары аймақ тұрғындарына СМС хабарлама таратқан. Онда алыс жолға шығуға болмайтыны жайлы ескерткен. Алайда оған құлақ аспағандар да бар болып шықты. 570 темір тұлпар діттеген жеріне жете алмай жолда қалған. Арасында тіпті қоғамдық көлік те бар. Ақмола облысынан Петропавлға қарай бет алған автобусты жол сақшылары Келлеров ауылында тоқтатып, жолаушыларды жергілікті мектепке орналастырған. Төтенше жағдай мамандары 3 күннің ішінде барлығы 1 мың 400-ге жуық адамды құтқарды. Қазір аймақта жағдай біршама тұрақталған. Алайда, кей аумақтарда жолдар әлі де қардан тазартылып жатыр.
Ренат Симомбаев, СҚО ТЖД төтенше жағдай бөлімінің басшысы:
Облыстық және аудандық маңызы бар жолдар әлі де жабық тұр. Қазір онда қардан тазарту шаралары жүріп жатыр. Бір екі күннен соң ашылады деп ойлаймыз. Адамдар дін аман. Өңір бойынша 10 штаб құрылды. Құтқару қызметі қарға батқан көліктерге жедел көмек көрсетуге тырысып жатыр.
А.ҚҰРМАНКИН