Конституцияның
26-шы бабы өзгеріссіз қалуы мүмкін. Президент Нұрсұлтан Назарбаев осындай
ұсыныс жасады. Ақордада билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу
мәселелері жөніндегі жұмыс тобының қорытынды жиыны өткен. Оның нәтижесіне сай
Ата заңға 24 түзету енгізу бойынша ұсыныстар бар. Мемлекет басшысы бұл
өзгертулерді Парламент арқылы енгізуге шешім қабылдады.
Дәуренбек
Бақдәулет, тілші:
Елбасының
құзыретін арттыру қажет. Көптеген қазақстандықтар жұмыс тобына дәл осындай
ұсыныс жолдаған. Бұл туралы Ақордада өткен жұмыс тобының қортынды отырысы
барысында топ жетекшісі Әділбек
Жақсыбеков мәлімдеді. барлығы 6 мыңға жуық ұсыныс түскен, оның көбі құқық
қорғау және сот жүйесіне қатысты, деді ол.
Әділбек Жақсыбеков, ҚР Президенті Әкімшілігінің
жетекшісі, жұмыс тобының басшысы:
Судяларға
қатысты талаптарды күшейту туралы сұрақ көп қойылды. Әсіресе ең аз жас
мөлшері мен заң саласындағы жұмыс тәжірибесіне көңіл бөлген. Сондай-ақ
депутаттар корпусына да талап күшейіп, бір реттен артық сайлауға түспесе дейді.
Мәжілісмендер мен сенаторлардың қатарына ену үшін жас мөлшерін арттыру керек
деген пікірлер де бар.
Кей
қазақстандықтар жұмыс тобының құзыретіне енбейтін сұрақтарды да қозғап өткен.
Тіпті ағылшын тіліне ресми мәртебе беруді ұсынғандар да болыпты. Елді толғандырған
мәселенің бірі - өлім жазасы. Осы тұста көпшіліктің пікірі қақ жарылды, - дейді
Жақсыбеков. Біреулері қолдаса, екіншілері даттап жатыр. Бұл мәселеге орай пікір
алуандығының көптігі жүйедегі жұмыстардың олқылығынан, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан
Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Пікірлердің
әр түрлі болуы билік жүйесіндегі жұмыстардың олқылығынан. Бұл біз қай бағытта
жұмыс жасау керек екенімізді көрсетеді, әсіресе құқық қорғау саласы
барысында. Жұмыс тобы халық арасындағы
ең маңызды пікірлерді алып, жәй-жәйлап өзгеріс енгізуі керек.
Бүкілхалықтық
талқылау барысында Конституцияның 26-шы бабына да көңіл бөлінген. Әлеуметтік
желіде көптеген қазақстандықтар оның өзгеруіне қарсы екенін ашық айтқан еді.
Жұмыс тобының отырысы барысында Нұрсұлтан Назарбаев аталмыш бабты қазіргі
қалпында қалдыруды ұсынды.
Нұрсұлтан
Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүкілхалықтық
талқылауда 26-шы бабта ғана түсініспестік болды. Бұл заң аясында заңгерлер
мен көптеген түсіндірме жұмыстар атқарылған
болатын. Бұл заңды қабылдап жіберуге де болар еді. Бірақ Конституцияның аты - Конституция. Бұл жер мәселесіндегідей заңнама да емес. Мұнда еш қарсылықсыз
басым көпшілігі қолдау керек еді. Сондықтан мен бұл заңнаманы бұрынғы қалпында
қалдыруды ұсынамын.
Қорытынды
ұсынымға сәйкес, Конституцияға 24 өзгеріс пен 35 түзету енгізілетін болды. Енді
бұл мәселенің нүктесін Президенттің өзі қояды.
Нұрсұлтан
Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Негізгі
саяси жүйеге енгізейік деп отырған жоқпыз, екінші дәрежедегі мәселе болғандықтан, жұртты дабырлатпай, парламент арқылы Конституция талабы бойынша өткізуді дұрыс деп санадым.
Дәуренбек
Бақдәулет, тілші:
Бүкілхалықтық талқылау нәтижесінде конституциялық реформа негізінен түп төркінін
сақтап, өзгертулер ғана енгізілетін болды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенттік басқарудағы мемлекет болып қала беретінін, алайда реформа әсерінен
әр билік өкілеттілігі күшейіп, табысты
жұмыс жүргізе алатынын тағы бір атап өтті.