Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде есірткі қылмысына қатысы бар 30 жасөспірім ұсталды

Елімізде есірткі өткізу фактісі өткен жылға қарағанда үш есе көбейген. Жарты жылда 4079 қылмыстық есірткі құқық бұзушылығы анықталды. Полицейлер 1048 есірткі өткізу фактісінің жолын кесті. Сондай-ақ интернет арқылы өткізген 371 қылмыс тіркеліп, 6 ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшілері мен мүшелеріне 11 қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар есірткіні жарнамалаған 46 факт сотқа дейінгі тергеп-тексеруге жіберілді. 31 есірткі зертханасы жойылып, өндірушілерден 186 келіге жуық тұтынуға дайын синтетикалық есірткі және 2 тоннадан астам прекурсор тәркіленді. Қазір елімізде есірткіге қарсы «Қарасора» арнайы операциясы жалғасуда.

Бақытжан ӘМІРХАНОВ,  ҚР ІІМ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қызылорда, Алматы, Жамбыл және Абай облыстарында 7 заңсыз егістік жойылды. 1 маусымнан бастап 295 есірткі қылмысы тіркелген. Есірткіні өткізу фактілері бойынша 98, есірткі сақтағаны үшін – 66, құрамында есірткісі бар өсімдіктерді еккені үшін 90 қылмыстық іс қозғалды.

Жыл басынан бері есірткі қылмысына қатысы бар 30 жасөспірім ұсталды. Күні кеше Көкшетау қаласының 14 жастағы тұрғынынан 200 грамнан астам мефедрон тәркіленді.