Русский Сайттың толық нұсқасы

«Ұлым міндетті түрде медальмен оралатынын айтып еді»,- И. Сәтпаевтың анасы

Баласы бәйгеге шапса, анасы үйде отырып тақымын қысар. Спортшыларымызға туған-туыс, бауырмен қоса күллі қазақ елі жанкүйер болып, қолдау көрсетуде. Содан да болар, алғашқы күндерден-ақ Парижге аттанған отандастарымыз жоғары нәтижемен қуантып жатыр. Ислам Сәтпаев пен Александра Ле жұбы пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеуден Германия құрамасынан басымырақ түсіп, қола жүлдегері атанды.

Әлия СӘТПАЕВА, ИСЛАМНЫҢ АНАСЫ:

Баламның осындай жетістікке жеткенін естіген кездегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қатты қобалжыдым, бастан аяқ эфирді қарап шықтым. Нәтижесі шыққанда жылап жібердім. Ұлым міндетті түрде медальмен оралатынын айтып еді, сөзінде тұрды.

Көп ұзамай қоржынымыз алтын медальге толықты. Асыға күткен бұл жүлде халықтың мерейін асқақтатты. Дзюдошы Елдос Сметовтің жекпе-жегін тебірене тамашалаған отбасының қолдауы көпшілікті тамсандырмай қоймады.

Иә, тартысты жарысты еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін көрді. Тарихи жеңіс көптің көңілін босатты. Көз жасына ерік бергендер де бар.

Әрине, көк туымыз желбіреп, әнұранымыздың шырқалуы – эмоцияға толы сәт. Оның үстіне Президенттің өзінен ақжарма тілек естіп, құттықтау алу - әр спортшының арманы. Тәуелсіз Қазақстанның дзюдодан тұңғыш олимпиада чемпионы атанған Елдос Сметов бұл күнді ұзақ күтті.

Мұнымен қуанышты жаңалық бітпейді. Тағы бір отандасымыз Ғұсман Қырғызбаев күні кеше ғана Олимпиаданың басты фаворитін жеңді. Өзінің соңғы Олимпиадасында қола жүлдегері барын салды. Өйткені оған жанұясы ғана емес, тұтас Қазақстан жанкүйер болып отыр.

Данияр ҚЫРҒЫЗБАЙҰЛЫ, ҒҰСМАННЫҢ ӘКЕСІ:

Ғұсман баламыз қола медалін алып келді. Ол да үлкен жетістіктің бірі деп ойлаймын. Әйтеуір қазақ халқының үмітін ақтады деп ойлаймын. Қатысып жатқан қалған жаздық олимпиада спортшыларына жеңіс, жеміс, сәттілік тілеймін!

Иә, күллі қазақтың назары қазір Парижде. Бәрінде бір арман - спортшыларымыздың бәйгеден оза шауып, ел үмітін ақтауы.