Русский Сайттың толық нұсқасы

"Келісімшартты толық оқымаппын". 91 тобындағы Аlem 10 миллион теңгеден қалай айырылып қалғандарын айтты

  • AstanaTV
  • 30 шілде 2024
  • 392

"Ащы шоу" бағдарламасында қонақ болған Батырхан Маликов топ алғаш құрылғанда қандай ұсыныстардан бас тартқанын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz.

"Ащы шоу" бағдарламасында Батырхан Маликовтан неге Ninety One тобы алғаш құрылғанда ешқандай той, шоуларға қатыспағанын, қабылдамаған, бірақ бағасына қарап ең қатты өкінген ұсыныс қандай болғанын сұрады. 

"Біз қаражат, тапсырыс жағына көп араласпайтынбыз. Мынадай бір оқиға есімде. Бізді Дубайға біреудің туған күніне шақырған. 10 миллион теңге береміз деді. Ол кезде ондай гонорар болмайтын. 2017 жылдары ғой, сәл-пәл ішіміз ашыды. Бірақ осы уақытқа дейін принцип бойынша қызмет етіп келе жатып, 10 миллионға бәрін айырбастап жіберуге дайын болмадық", - деп жауап берді Alem. 

Бұдан кейін тағы бір сыныптың мектеп бітіру кешіне шақырту алыпты. Бірақ, ол кезде мұндай шаруалармен тікелей продюсерлік орталық айналысатындықтан, бағасы туралы ақпаратты топ мүшелері біле бермейді екен.  

"Продюсеріміз жалпы қанша табыс түскенін, алатын пайызымыз туралы ақпарат беріп отыратын. Бірақ, бәрібір қазір нақты есіме түспей тұр. Тағы бірде мұнай-газ компаниясының басшысы ма, бай біреудің тапсырысы бойынша 30 адамдық отырыста өнер көрсеттік. Ұзын үстел құрып қойған, біз үшін арнайы сахна жасатқан жерде ән айттық", - деп есіне алды әнші. 

Alem 2022 жылы продюсерлік орталықпен қарым-қатынасын тоқтатып, бөлек шыққандары туралы да айтып берді.

"Келісімшарт бойынша 8 жылға қол қойғанбыз. Бірақ, келісімшарттың бітуіне жарты жылдан көп, бір жылдан аз уақыт қалғанда бөлек кетеміз деп шештік. Негізі келісімшартта "үйленуге болмайды" деген талап болмады. Бірақ, соған ұқсайтын бірнәрсе болды. Шынымды айтсам, алғашында келісімшартты толық оқымаппын да. Әнші болам, танымал болам деп баса беріппін", - дейді әнші.