Конаевта қоғамдық көліктердің бірінде отырған жолаушылар арасында жанжал туып, салдарынан біреуі екіншісіне пышақ жарақатын салды.
Оның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Кадрлардан жолдың бойында тұрған № 7 автобустың маңында зеңбілде жатқан адамды көруге болады.
Алматы облыстық полиция басқармасының мәліметінше, шабуыл жасаған адам ұсталды.
«Жедел-іздестіру шарасы барысында Қонаев полиция басқармасының қызметкерлері облыс орталығының 36 жастағы тұрғынын ұстады. Күдікті қоғамдық көлікте 41 жастағы ер адамға пышақ сұғып алған. Адам өлтіруге оқталу дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді», - деп хабарлады Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазір тергеудің толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.