Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Жерлеуге арналған республикалық бюджеттен біржолғы төлемді тағайындау және жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрлік енгізген өзгеріске сәйкес, порталға түскен біржолғы төлемді тағайындау туралы электронды өтініштер азаматтардың қабылдауға жазылу туралы өтініштерін электронды тіркеу журналына автоматты түрде тіркеледі.
Сондай-ақ ережеде өтініш берушінің келісімі алынған жағдайда "Е-макет" ААЖ азаматтардың жерлеуге арналған біржолғы төлемді тағайындау туралы өтініштері тіркеудің электронды журналында автоматты түрде тіркелетіні жазылған. "Е-макет" ААЖ, одан кейін өтініш берушіге уәкілетті органның ЭЦҚ-сымен куәландырылған электронды өтінімді қабылдау туралы хабарлама жібереді.
Көрсетілген параметрлер бойынша тексеру сәтсіз аяқталған жағдайда "Е-макет" ААЖ өтініш берушіге электронды өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы хабарламаны автоматты түрде береді.