Астанада мектеп жәрмеңкелері ұйымдастырылуда. Қала тұрғындарының назарына оқушыларға арналған кеңсе тауарлары, оқу құралдары мен мектеп формалары ұсынылады. Бағасы да қолжетімді. Өткен жылмен салыстырғанда 10% төмендеген.
Ғазиза НҰРЛЫБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Ертерек келіп, бағаларымен таныстым. Өткен жылмен салыстырғанда бағалары төмен екен. Өткен жылы қызым бірінші сыныпқа барған болатын. Біз максимум 40 мың теңгеге канцтоварға сауда жасаған болатынбыз. Және садикке баратын бір ұлым бар. Садикке тоже канцтовар сұрайды кейде. Сол себепті бағалар биылдыққа мені қанағаттандырды десем де болады.
Саудагерлер мұндағы тауар бағасының нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан екенін айтады. "Бұл жәрмеңкелер сатып алушылар үшін ғана емес, кәсіпкерлер үшін де тиімді" деп отыр.
Рая ИМАНБЕРДИЕВА, КӘСІПКЕР:
Қызығушылық танытады көп адам. Себебі қолжетімді баға. Көп адамға жұмыс әрі. Жылда осы жерде тұрамыз. Өте жақсы ұйымдастырған. Рақмет әкімшілікке.
Аталмыш жәрмеңкелер «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында өтіп жатыр. Акция нәтижесінде әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардан шыққан балалар мектеп формалары мен қажетті құрал-жабдықпен қамтылады.
Құттымұрат ШАМШИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
Өткен жылы 8040 баланы қамтыған болсақ, биыл 8500 баланы қамтуды жоспарлап отырмыз. Негізінен осындай осал отбасыларынан шыққан балаларды мектепке дайындауда меценаттар мен демеушілердің қаражаты есебінен көмек көрсетілетін болады.
Астанада мектеп жәрмеңкелері 12 жерде ұйымдастырылған. Шара 31-ші тамызға дейін жалғасады.