Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан Пуэнт-Нуар портының әлеуетін пайдалануға мүдделі

  • AstanaTV
  • 02 тамыз 2024
  • 341

Қазақстан Пуэнт-Нуар портының әлеуетін пайдалануға мүдделі. Бұл туралы Ақордада Конго Республикасының Президенті Дени Сассу-Нгессомен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

«Біз ауыл шаруашылығы, өндіріс, көлік-логистика және энергетика саласына қатысты келіссөз жүргіздік. Сондай-ақ жаңа технологиялар, қазба байлықтарын бірлесіп игеру, инвестиция мәселесін талқыладық. Мен Қазақстанның электронды үкімет, киберқауіпсіздік және ғарыш саласындағы жетістіктеріне тоқталдым. Екі ел үкіметтеріне өзара сауда-саттық көлемін арттыру үшін нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма беруге келістік. Қазақстанның Конгоға дәнді дақылдарды экспорттауға қатысты әлеуетінің мол екеніне назар аудардық. Өздеріңізге мәлім, екі елдің де табиғи ресурстары мол», — деді Мемлекет басшысы.

Президенттің атап өтуінше, екі елдің темір, фосфат, боксит және басқа да сирек кездесетін минерал кеніштерін барлау және игеру үшін бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. 

«Қазақстан кәсіпкерлері Конгоның тау-кен саласын зерттеуге дайын екенін келіссөз барысында атап өттім. Сонымен қатар екі елдің көлік-логистика саласындағы қарым-қатынасы жан-жақты талқыланды. Конго Республикасы Орталық Африка аймағының қақпасы, ал Пуэнт-Нуар порты осы қақпаның кілті. Бұл теңіз айлағының мүмкіндіктері өте жоғары. Қазақстан осы порттың әлеуетін пайдалануға мүдделі. Біз өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға барынша күш салуымыз керек. Сондықтан мен Конго Республикасының басшылығын, кәсіпкерлерін келесі жылы өтетін Астана халықаралық форумына шақырдым. Олар форум кезінде Қазақстанның экономикалық әлеуетімен таныса алады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.