Русский Сайттың толық нұсқасы

Кішкентай куәгер: Өскемен – Алматы пойызында ер адам немересінің көз алдында қайтыс болды

  • AstanaTV
  • 02 тамыз 2024
  • 284

1 тамызда "Өскемен-Алматы" пойызында 74 жастағы ер адам өзін нашар сезінген. Әйелі оны тамбурға алып шыққан, ер адам сол жерде құлап қайтыс болған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Instagram-дағы "Оса Семей" парақшасында қайғылы жайттың видеосы жарияланды. Видео авторының айтуынша, Өскемен – Алматы пойызының іші өте ыстық болған, жолсеріктерде алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған қобдишасы болмаған. Жазба авторлары 74 жастағы жолаушының ауырып қалғанын, әйелі оны тамбурға шығарғанын жазды. Алайда ер адам сол жерде құлап қайтыс болған. Мұның бәрі, автордың айтуынша, марқұмның 13 жасар немересінің көзінше болған. ҚТЖ өкілі nur.kz тілшісіне ер адамның өлімі туралы ақпаратты растап, 1 тамызда Сарыөзек бекетінде №351 Өскемен – Алматы пойызының басшысы 74 жастағы жолаушының денсаулығы күрт нашарлауына байланысты жедел жәрдем шақырғанын айтты. 

- Жолаушы әйелімен бірге Жарғыз-Төбе бекетінен Алматыға бара жатқан, әйелінің айтуынша, ер адам астмамен ауырып, шунттау отасын жасатқан. Пойыз жолсеріктері жолаушылармен және медицина қызметкерлерімен бірлесіп, алғашқы медициналық көмек көрсету үшін барлығын жасады. Өкінішке қарай, жедел жәрдем бригадасы жолаушының қайтыс болғанын хабарлады. Пойыз жүрген кезде жолаушы жолсерікке денсаулығы нашарлағанына шағымданбаған, - деп хабарлады ҚТЖ баспасөз қызметі. 

Ал, көліктегі полиция департаменті өкілдері Конаев бекетіндегі желілік полиция бөлімі Өскемен – Алматы бағытындағы жолаушылар пойызында кенеттен қайтыс болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастағанын хабарлады. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. 

- Өзге мәліметтер Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес тергеу мүддесі үшін жария етілмейді, - деп хабарлады Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.