Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда медициналық мекемелердің 65 пайызға жуығы ескірген

  • AstanaTV
  • 03 наурыз 2017
  • 3539

Қазақстанда медициналық мекемелердің 65%-ға жуығының тозығы жеткен. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты. Бір тәуірі - елдегі адамдардың өмір сүру ұзақтығы 72 жасты құрап отыр. Ал жақын болашақта азаматтардың жеке құжатына  «денсаулығы туралы» ақпарат енгізілуі мүмкін. Саладағы өзге де жаңашылдықтар туралы Дәуренбек Бағдәулет айтып берсін.

Министрліктің алқа мәжілісіне денсаулық сақтау саласының басы-қасында жүрген мамандар жиналған. Жаңа қызмет тізгінін ұстағалы бері әралуан мәселені жан-жақты зерделеген ведомство жетекшісі емдеу мекемелерінің ескі ғимараттарда орналасқанына алаңдаулы. Бұл саладағы ең өзекті мәселелердің бірі, дейді.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Басым көпшілігі өткен ғасырдың 80-ші жылдарына дейін бой көтерген ескі ауруханалар мен емханалар. Моральдық тұрғыда да, технологиялық тұрғыда да ескірген. Бұны ретке келтіру мәселесін толық мемлекеттің мойнына іліп қоюға тағы болмайды. Меншікті және шет елдік инвесторларды осы бағытқа тартуымыз қажет.

Дәрі-дәрмек құны да назардан тыс қалған жоқ. Препараттармен қатар ем-домның бағасын толықтай реттеу денсаулық сақтау министрлігінің құзырына жатпайды. Салдарынан дәрі құнының әдеттегіден 3-4 есеге қымбаттауы орын алды. Бұл олқылықты болдырмау үшін, жүйені толығымен автоматтандыру қажет,- дейді мамандар.

Лариса Пак, медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті басшысының м.а.:

Министрлік дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандыруда кешенді жұмыс атқарып келеді.  2018 жылдан бастап рецепттерді автоматандыруды жүзеге асыру жоспарланған. Бағаларды тіркеу қызметін де мемлекеттік етіп жасақтау жобасы бар. Бұл дәрі-дәрмек бағасын қатаң бақылап, министрліктің кез-келген дәрі түріне шекті баға бекітуіне мүмкіндік береді. 

Денсаулық сақтау саласының өкілдері жасанды түсік жасатудың артып бара жатқанын  айтып дабыл қақты. Республиканың әр өңірінде бұл дерт асқынбаса, азаймай отырған көрінеді. Министр Біртанов, елдің демографиялық ахуалына әсер ететін мәселелерді басты назарда ұстайтын боламыз, деді.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Олай еткенде, бір емханадан тексерістен өткен адам екіншісіне барса, сараптамадан қайта өтудің қажеті болмайды. Жиын барысында медициналық сақтандыру жәйі да сөз болды, келер жылдан бастап әр азамат міндетті сақтандыру аясында көмек алуға және емхана таңдауға мүмкіндік алады. Ал төлемдер мен жарналар жасау биылғы шілдеде басталатынын айта кеткен жөн.

Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТ