Русский Сайттың толық нұсқасы

Енді Қазақстандағы бейнебақылау камераларына бет-әлпетін тану жүйесі қосылады

  • AstanaTV
  • 06 тамыз 2024
  • 334

Алматы мен Атырауда бейнебақылау камераларына бет-әлпетін тану үшін жасанды интеллект қосылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бет-әлпетін тану жүйесін енгізу туралы Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.

Берік Асыловтың айтуынша, Бас прокуратура сот төрелігінен жасырынған адамдарды іздестіруді қадағалауды күшейтті. Прокурорлар адамдар көп жиналатын жерлерде бейнебақылау камераларын бақылау арқылы 53 қашқынды танып, ұстау шараларын қабылдады.

Енді бұл жұмысқа ЖИ қосылды, бірақ әзірге тек екі қалада.

"Биыл тамыздан бастап Алматы мен Атырау қалаларындағы бейнебақылау камераларына біз қашқын қылмыскерлерді, борышкерлерді және хабар-ошарсыз кеткендерді автоматты түрде тану бойынша AI элементтерімен IT-әзірлеуді қостық. Екі күн ішінде тергеуден жасырынған 2 адам және хабар-ошарсыз кеткен 2 адам танылды", - деді Берік Асылов.

Ол AI көмегімен камералар арқылы тіпті сыртқы келбеті қатты өзгерген адамдарды да табуға болатынын атап өтті.

Бас прокурор барлық өңірде бет-әлпетін тану жүйесін енгізуді тапсырды.

Бас қадағалау органының мәліметінше, қазір 9 мыңнан астам адам іздестіріліп жатыр, оның ішінде 2,2 мың қылмыскер және 2 мың жоғалған адам бар.