Русский Сайттың толық нұсқасы

"Қарызымды өтеу үшін ақша бермесең бауыздаймын": Атырауда ер адам көрші әйелдің басын жарып, 600 мың теңгесін алып кеткен

  • AstanaTV
  • 06 тамыз 2024
  • 332

Атырау облысында Темур есімді ер адам көршісі Қондыбаева Амандыққа зәбір көрсетіп, үйінде жинап отырған ақшасын ұрлап кеткен. Жәбірленушінің туыстары әлеуметтік желіде құқық қорғау орындарынан көмек сұрап, айыпталушының жазалануын талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жантүршігерлік оқиға 2 тамыз күні Атырау облысы Жылыой ауданына қарасты Шоқпартоғай ауылында болған. 

“Тапа-тал түсте қаскөй Аманжулов Темур Шоқпартоғай ауылының тұрғыны, көршісі Қондыбаева Амандыққа қолына резеңке қолғап киіп, асүй пышағымен келіп, тамағына пышақ тақап, оны “Қарызымды өтеу үшін ақша бересің. Бермесең, сені бауыздап өлтіремін. Кейін өзімді өлтіремін” деп қорқытқан. Ол жәбірленушінің әлсіздігіне қарамастан, оны аяусыз соққыға жығып, басын бірнеше рет таспен ұрып, іргетасқа соғып, үйде сақтап отырған қомақты қаржысын жымқырып кетті”, – делінген желіде тараған ақпаратта.

Күдікті 600 мың теңгені алып, оқиға орнынан қашып кеткен. Ал жәбірленуші болған жағдайдан кейін басы жарылып, аудандық ауруханада жансақтау бөліміне түскен. Әйел әлі күнге дейін ауруханада жатыр. Араға екі күн салып онлайн сот отырысы кезінде айыпталушы үйқамаққа алынды. Айнұр есімді Instagram желісінің қолданушысының айтуынша, айыпталушы осылайша істеген қылмысынан кейін жеңіл жазамен құтылып кеткен. 

“Бүгін сот отырысы онлайн өтіп, айыпталушы Темурды темір торға қамап, ұрлаған ақшасын қайтартудың орнына, сот оны үйқамаққа жіберген. Біз, Амандық Жұмалықызының жақындары мен туыстары, бұл әділетсіз шешімге келіспейміз. Біз оның қылмыстық кодекстің 191-бабы (Тонау) және 107-бабы (Қасақана адам денсаулығына зиян келтіру) бойынша қамауға алынуын талап етеміз. Біз Аманжулов Темурдың үйқамақ арқылы тиісті жазадан құтылып кетуіне қарсымыз”, – деп жазды желі қолданушысы. 

Олар айыпталушының ұрлаған ақшаны қайтарып, зәбір көрсеткені үшін моральдық шығынды өтеуін немесе темір торға қамалуын талап етіп отыр. Атырау облыстық полиция департаменті болған жағдайға қатысты пікір білдірді.


“Күдікті ұсталды. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Қылмыстық іс сотта қаралуда”, – деп мәлімдеді ведомство.