Русский Сайттың толық нұсқасы

Бүгін екі спортшымыз Олимпиада алтынына таласады

Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржыны тағы бір қоламен толықты. Әйелдер боксынан Назым Қызайбай үздіктер қатарынан көрінді. Ол жартылай финалда қытайлық қарсыласына есе жіберді. Қаракөзімізді көпшілік ақтық сынға жолдама алады деп күткен. Бірақ, айласын асыра алмады. Көз жасына ерік берді.

Назым ҚЫЗАЙБАЙ, ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ:

Әрине, әттеген-ай бар. Алтын медаль алғым келген. Не болса да қолаға шүкір.

Дегенмен, бұл жүлде еліміз үшін алтынмен пара-пар. Себебі, спортшымыз барын салды, аянып қалмады. Спортшының ата-анасы да елмен бірге Назымның жекпе-жегін тамашалады. Олар перзентінің алғашқы Олимпиадасында жүлделі орынға ие болғанына қуанышты екенін жеткізді.

Кәмшат АХЕТҚЫЗЫ, Н. ҚЫЗАЙБАЙДЫҢ АНАСЫ:

Назым Қытай қызынан жеңілсе де қола жүлдеге ие болып отыр ғой. Оған да мың да бір шүкір деймін. Өзінің арманы, Олимпиадаға бару. Бара салып жеңіліп қалса жаман күйде болатын едік. Қазағымыздың туын желбіретіп жүре берсін!

Бүгін ұлттық құрама спортшыларының бір легі елге оралды. Ел тарихындағы спорттық гимнастикадан алғашқы жүлдені жеңіп алған Олимпиаданың күміс жүлдегері Нариман Құрбанов, төртжылдықтың басты додасының алғашқы күні жүлделі болған Олимпиаданың қола жүлдегерлері Ислам Сәтпаев пен Александра Ле, сондай-ақ нысана көздеу және спорттық гимнастикадан Ұлттық құрама мүшелері мен жаттықтырушылары бар әуе кемесі Алматыға қонды. Оларды жанкүйерлер ыстық ықыласпен қарсы алды.

Ислам СӘТПАЕВ, ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ:

Бұл медаль мен үшін таңғаларлықтай болған жоқ. Себебі, біз тыңғылықты дайындалдық. Моральдық, психологиялық тұрғыдан дайын болдық. Жарыстың екінші күнінде елге құр қол қайтпайтынымды білдім. Медальды жеңгенде кеудемді қуаныш кернеді. 28 жылдан соң қоржынға медаль салғаныма мақтанамын. Енді мұнымен тоқтап қалмаймыз. АҚШ-та өтетін келесі Олимпиадаға дайындаламыз.

Айта кетейік, бүгін екі спортшымыз Олимпиада алтынына таласады. Бокстан 80 келі салмақ дәрежесінде Нұрбек Оралбай украиналық Александр Хижнякпен қолғап түйістіреді. Ал балуанымыз Демеу Жадыраев Жапон спортшысы Нао Кусакамен бозкілемде белдеседі.