Русский Сайттың толық нұсқасы

КХДР Сеул мен Токиоға қауіп төндіріп тұр

  • AstanaTV
  • 06 наурыз 2017
  • 3017

Солтүстік Корея зымыран ұшыруын тоқтатар емес. Бүгін олар Жапон теңізіне 4 баллистикалық ракета бағыттады. Осыған орай Оңтүстік Корея мен Жапония қауіпсіздік кеңесі шұғыл жиын өткізіп, көршілес елдің өрескел әрекетін қатаң сынға алды. Оңтүстік Корея президенті міндетін атқарушы Хван Ге Ан мен Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ Солтүстік Кореяға қарсы іс-қимылды жан-жақты саралады. Сондай-ақ серіктес елдер АҚШ-тың әуе қорғанысына иек артатынын ашық айтты. Бұған дейін ақпанда зымыран ұшырған Солтүстік Корея аймақтағы көршілеріне азуын көрсете бастағаны анық. Әзірге Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі резолюцияны бұзғаны үшін Пхеньянға ескерту жасаумен ғана шектеліп келеді.

Синдзо АБЭ, Жапония премьер-министрі:

Солтүстік Кореяның бұл әрекеті біздің елдердің қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіріп тұр. Қазір біз тиісті ақпараттар жинап, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Барлық шұғыл әрекеттерге дайын болуымыз керек.