Русский Сайттың толық нұсқасы

"Президент мақаласында Орталық Азия елдерінің болашаққа бағдардын көрсетті", - сарапшы

"Табысты Орталық Азия — табысты Қазақстан". Бұл еліміздің дәйекті түрде ұстанып келе жатқан қағидаты. Бұл туралы Мемлекет басшысы Егемен Қазақстан газетінде жарық көрген мақаласында жариялады. Соңғы жылдары іргелес жатқан 5 елдің сауда-экономикалық және іскерлік байланыстары айтарлықтай жанданды. Бүгінде мемлекеттік шекараларды делимитациялауға, шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмысын жетілдіруге, көлік қатынасын кеңейтуге және азаматтардың барыс-келісін жеңілдетуге қатысты мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге қолайлы жағдай жасалуда. Өңірдің ұзақмерзімді қауіпсіздігін және өркендеуін қамтамасыз ету үшін күш біріктіру жолындағы іс-қимылдар да жүзеге асырылып келеді. Президент өз мақаласында бұл бағыттан айнымасымыз анық екенін көрсетті.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қоғамдық және мемлекеттік институттар жаңғыртылды. Дамыған инфрақұрылым мен өнеркәсіп желісі құрылды, мыңдаған шақырым жаңа теміржол мен автокөлік жолы салынды, маңызды әлеуметтік нысандар бой көтерді. Біздің ашықтық пен жаңару жолындағы бағытымыз ұлттық экономикаларымыздың дәйекті түрде өсуін және олардың әлемдік экономикалық қатынастарға ықпалдасуын қамтамасыз етті. Білім беру, денсаулық сақтау және зейнетақы жүйелерінің жоспарлы дамуы халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының айтарлықтай жақсаруына септігін тигізді.

Орталық Азия елдері жаһандық орнықты даму, жалпыға бірдей қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету сияқты мәселелерде ортақ ұстанымнан айныған емес. Жоғары деңгейдегі жүйелі кездесулер соның нақты дәлелі. Ал «ОА+» форматындағы диалог аладары саяси аренада 5 елдің де беделін арттыра түсті. Осыған дейін мұндай форматта 9 саммит және жоғары деңгейдегі кездесу өтті. Басқосуларға басқа да елдер, халықаралық ұйымдар қызығушылық танытуда. Биыл Астанада алғаш рет ОА-Жапония саммиті өтпек. Осылайша, өңірдің әлемдік арена субъектісі ретіндегі орнын бекітуге маңызды қадам жасалып жатыр.

Жанат МОМЫНҚҰЛОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТ ЖАНЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ БАС ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Жапония Қазақстанға таланттарды басқару, энергетика саласында, құқық саласында жаңалықтармен келетін түрі бар. 50-ге жуық жапон компаниясы келетін болады. Жапония Орталық Азиядағы ықпалын арттырмақ ниетте. Әрине, Орталық Азияның ықпалының артуымен бірге, әртүрлі күштер Орта Азияға қызығушылық таныта беретін болады.

Соңғы 5 жылда Орта Азия елдері арасындағы алыс-беріс 2 есеге жуық көбейіп, 5,7 миллиард доллардан 11 миллиард долларға дейін артты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ішкі тауар айналымы 25 пайызға өсті. Соның ішінде Қазақстанның Орталық Азия елдерімен саудасы былтыр 8 миллиард долларға жетті. Бұл бірлесе жасалған ірі жобалардың жемісі.

Бауыржан ӘУКЕН, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ АҒА САРАПШЫСЫ:

Мемлекет басшысы бұл мақаламен аймақ елдерінің осы күнге дейінгі даму кезеңдерін атап көрсете отырып, жетістіктерін айқындап, Орталық Азия елдері құлдырап кеткен елдер қатарына кірмей, тәуелсіздік алғаннан кейін достастықтың, дамудың жетістіктерін көрсетіп отырғандығын атап өтті. Орталық Азия елдерінің осы күнге дейінгі бірлескен саясатының нақты қадамдарын айқындап, болашаққа бағдарды көрсетті, осы мақаламен.

Қосман ҚАЖКЕНОВ, ҚОҒАМДЫҚ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ АҒА САРАПШЫСЫ:

Шын мәнісінде, Орта Азия елдері бауырлас халықтар. Бізге өзара сауда-саттықты арттыру басты міндет. Өйткені біз мұхитқа шыға алмаймыз. Алыс-беріс көлемін арттыруға барлық мүмкіндіктеріміз бар. Бүгінде инвестиция бағыты да қарқынды дамып жатыр. Мемлекеттер бірлесіп бірнеше жүйені жүзеге асыруда. Қазірдің өзінде көптеген құжаттар қабылданды. Жобалар өз жемісін міндетті түрде береді.

Мемлекет басшысы мақаласында аймақтағы интеграциялық үдерістерді дамытуға Орталық Азидағы өзге елдер қаншалықты дайын болса, біз де соншалықты дайын екенімізді мәлімдеді. Сондай-ақ, ортақ тарихымыздың жарқын беттеріне көбірек назар аударуға шақырды. Өңірдің жалпы тарихын түркі, парсы, араб, қытай, Ресей және Батыс Еуропа дереккөздеріне сүйеніп жазу маңызды міндет деп санайтынын жеткізді. Сондай-ақ, Орта Азияның даму жоспарын 5 айқын бағытқа бөліп, бірлесе жұмыс жасауды ұсынды.