Русский Сайттың толық нұсқасы

"Орталық Азия елдері мен Жапония ынтымақтастықты үдемелі кеңейту үшін зор әлеуетке ие",-О.Бектенов

Орталық Азияның солтүстікке, оңтүстікке, шығыс пен батысқа шығатын транзиттік әлеуеті жапон экспорты мен импортына үлкен мүмкіндіктер ашады. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов «Орталық Азия + Жапония» диалогы бизнес-форумында айтты. Жиында Үкімет басшысы Орталық Азия мен Жапонияның озық технологиялар трансферті және қосылған құны жоғары өнімдер өндіру саласындағы өзара іс-қимылына назар аударды. Бұл бағытта бірлескен инновациялық кластерлер, технопарктер мен инкубаторлар құруға мүмкіндік мол.

Олжас БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Жапония жаһандық ауқымдағы экономикалық және технологиялық көшбасшылардың бірі саналады. Жапон компанияларының өнімдері өзінің сапасы, сенімділігі және инновациялық жаңашылдығымен танымал. Бүкіл әлемдегі адамдардың тұрмыс сапасын жақсартуға баға жетпес үлес қосып, прогрестің алдыңғы қатарына шыққан мемлекет. Өз кезегінде, Орталық Азия – бұл қарқынды дамып келе жатқан аймақ, оның даму қарқыны жоғары және жан-жақты ынтымақтастық үшін барлық жағдай жасалған. Біздің аймағымыздағы елдер мен Жапония ынтымақтастықты үдемелі кеңейту үшін зор әлеуетке ие деп санаймын.

Форум алаңына Орталық Азия аймағы елдері мен Жапония делегацияларының 450-ден астам өкілі жиналды. Жапонияның іскер топтары, ірі компанияларының басшылары мен менеджерлері, сарапшылар қауымдастығынан салалық жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлері қатысты. Экономикалық байланыстарды нығайту және цифрландыру, көлік-логистика саласы, ауыр өнеркәсіп секторы және басқа да салалардағы өзара іс-қимылды кеңейту перспективалары талқыланды.