Русский Сайттың толық нұсқасы

Үлескерлер пәтерлерін 10 жылдан бері ала алмай келеді

Ақтауда “Атамекен” тұрғын үй кешенінің салымшылары 10 жылдан бері пәтерлеріне кіре алмай келеді. Құрылысты бастап салған алғашқы мердігер үлескерлердің қаржысын жымқырып, сотталған. Содан кейін құрылысты "Багис" компаниясы жалғастырып, жұмысты олар да толық аяқтай алмай қалған. Алайда, әлдекімдер жымқырып кеткен нысанды аяқтау үшін несие алып, құрылыстың 85 пайыз жұмысын аяқтаған осы компания басшысы қамауға алыныпты.

 Ғабит ӨМІРБЕКОВ, ЗАҢГЕР:

Соңғы мердігер құрылыс үшін үлескерлермен келісіп ақша жинады, сондай-ақ 400 млн теңге көлемінде несие алды. Алайда құрылыс заттары аяқ-асты қымбаттап, ақша таусылған соң жұмыс тоқтап қалды. Осыған наразы болған салымшылардың көбі “Багис” компаниясының басшысының үстінен арыз түсірген. Қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері әлі жүргізілуде.

Компания басшысының жақындары қамауға алу әрекеті мен үлескерлер шағымы негізсіз екенін айтады. Себебі бұл мердігер құрылыстың 85 пайызын аяқтаған. Сондай-ақ жұмысты соңына дейін жеткізу үшін инвестор іздеп басқа да жолдарын қарастырған.

Ғабит ӨМІРБЕКОВ, ЗАҢГЕР:

Сотталған мердігерге үлескерлердің көзқарасы екі түрлі. Себебі ол компания шығынға ұшырайтынын біле тұра бұл үйдегі құрылыс жұмыстарын жалғастырды. Бірақ мердігердің қаржыны құрылысқа салмағаны толық дәлелденген жоқ. Сол үшін де әкімдік мердігерге қатысты нақты үкім шыққан соң ғана қажетті әрекеттерді бастамақ.

Жергілікті құрылыс басқармасы сот үкімінсіз еш әрекет ете алмайтындықтарын айтады. Өз кезегінде салымшылар тұрғын үй-құрылыс кооперативін құрып, заңды жолмен активтерді қайтарып алса ғана жұмыстар жүргізе алады дейді.

Ерболат БЕКТҰРҒАНОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Біздер құқық қорғау органдарының жұмыстарына қатыса алмаймыз. Қазір полный құрылыс, жер учаскесі, басқа да активтер жаңағы жеке меншік ТОО-ның атында данный момент. Оған дейін құрылыс жасалмайды. Ол үшін үлескерлер сотқа барып, өз аттарына барлығы соттың үкімімен шығару керек.

Үлескерлер "пәтерімізді қашан аламыз" деген уайыммен осыған дейін талай табалдырықты тоздырған еді. Бұл жолы мәселелеріне қатысты пікір білдіруін сұрағанбыз. Бірақ келіспеді.