Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясында балалар қоқысты балмұздаққа айырбастады

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының ардагерлері ерекше атсалысуда. Жастарды ұйымдастырып, өздері көшбастап, шараның белортасында жүр. Олар бұл жолы «Жашыкөл» су қоймасының аумағын тұрмыстық қоқыстан тазартты. Ағаштар мен ғимараттардың сыртын ақтап, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Жалпы акция басталғалы оған аудан тұрғындарынан өзге кәсіпкерлер, ұйым, түрлі кәсіпорын қызметкерлері атсалысып, 650 тоннадан аса қоқыс шығарылған. 7 мыңға жуық ағаш егілген.

Изатілла НАРЗІЛДАЕВ, ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жаңақорған ауданының ардагерлері көптеген жерге бардық. Ордакенттің айналасы, Шашыкөл, Әлімкөлдердің айналасына барып жастарды ұйымдастырып, акция тазалығын өткіздік. Осының өзі қарап отырсақ біздің Қазақстанның ынтымағын көрсетеді. Халықтың бірлігін көрсетеді. Сондықтан қай уақытта болмасын біз өзімізді тазалықта ұстайық.

Ал тазалық акциясына Қазалыда мектеп бітіргендеріне 35 жыл болған түлектер қатысты. Мектеп айналасын қоқыстан тазалап, көпке үлгі көрсетті. Шарадан кішкентай бүлдіршіндер де тыс қалмады. Олар жинаған қоқыстарын өткізіп, тәтті сусын мен балмұздақ алды. «Қоқысты балмұздаққа айырбаста» акциясына 100-ден аса бала қатысты.

Айару ЖАҚСЫЛЫҚ, ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз қоқыс жинап тәттілер алып жатырмыз. Біз өзіміздің жерімізді жинамасақ ещкім жинамайды. Бір жағынан тәттілер аламыз. Бір жағынан бізді ағайлар тәрбиеге үйретіп жатыр.