Русский Сайттың толық нұсқасы

Биыл Шахтинск қаласындағы жылу сапасын «AMANAT» партиясының депутаттары қадағалайды

Биыл Шахтинск қаласындағы жылу сапасын «AMANAT» партиясының депутаттары қадағалайды. Бүгін бір топ Мәжіліс депутаты шаһардағы «Жылуэлектроорталығының» алдағы қысқа дайындығымен танысты. Қазір орталықта жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Бүгінде үш қазандық агрегатында монтаждау, ал екі турбинада ағынды бөлімді қалпына келтіру аяқталған. Негізгі және қосалқы жабдықтар дайындалып жатыр. Шахтинск қаласында осы жазда ұзындығы 3,7 шақырым жылу желісі ауыстырылмақ. Партияның қаладағы жылу жүйесін бақылауға алуы тегін емес. Тұрғындар былтыр қыс бойы тоңып шықты. Мәжіліс бірнеше өтініш түскен. Пәтерлер мен әлеуметтік нысандарда ауа температурасы +12-15℃ дейін төмен болғаны анықталған еді. «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Шахтинск қаласындағы жылыту мәселесін Үкіметке депутаттық сауал ретінде жолдаған еді. Кейін Қарағанды облыстық Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті Шахтинск ЖЭО-на жоспардан тыс тексеру жүргізіп, температуралық кестені сақтамағаны үшін айыппұл салған болатын.

Унзила ШАПАҚ,  ҚР ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

«Жұмыс жақсы қарқынды жүріп жатыр. Жаңадан қойылған басшы өзінің жұмыстарын көрсетті. Енді оның барлығының іске асырылуын біз жылу қосылған кезде ғана көре аламыз. Қыс айында Шахинск қаласы тұрғындарының жылуы тұрақты болуы керек, былтырғы жылдағыдай тұрғындар айқайлап үйлерінде тоңып отырмаулары керек».