Русский Сайттың толық нұсқасы

"Біз отандық инвесторды шақыру арқылы дұрыс шешім қабылдадық", - Президент

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына барды. Президенттің жұмыс сапары Теміртау қаласындағы Qarmet металлургиялық комбинатын аралап көруден басталды. Кәсіпорын қазіргі таңда ғимараттар мен нысандарға жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Биылғы жаңғырту бағдарламасына 100-ден астам нысан енген. 50 мың шаршы метр шатыр ауыстырылуда. Жаңғырту жұмыстары компанияның «5-9-5» бағдарламасының орындалуына болжам жасауға мүмкіндік берді. Қабылданған стратегияға сәйкес кәсіпорын 2028 жылға қарай жылына 5 миллион тонна болат шығаруды, 9 миллион тонна көмір және 5 миллион тонна темір рудасы концентратын өндіруді жоспарлап отыр. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда орта есеппен 66 пайыз өсімді қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысы комбинатты табиғи газға көшіру маңызды шешім екенін атап өтті. Бұл бастапқы кезеңде қоршаған ортаға келетін зиянды 30 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Президент компанияға қарасты ораталықтардың жұмысымен танысып, «Саран» шахтасында 620 метр тереңдікте жұмыс істеп жатқан кеншілермен бейнебайланыс арқылы сөйлесті.

Қасым-Жомат ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

-  Жұмысыңыз қалай болып жатыр?
- Жұмыс жақсы
- ЖҰМЫСТАРЫҢЫЗ СӘТІ БОЛСЫН!

Қасым-Жомарт Кемелұлы кеншілердің атынан сізге көп рақмет айтамыз. Жәнеде жаңадан келген инвестордың арқасында біздің тұрақты жалақымыз, тұрақты еңбекақымыз төленіп жатыр. Осы жердегі бүкіл шахтерлердің атынан, яғни кеншілердің атынан рақмет айтамыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев кеншілерге жанкешті жұмысы үшін алғыс айтып, шахтерлердің қызметінде еңбек қауіпсіздігін сақтау маңызды екеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз отандық инвесторды шақыру арқылы дұрыс шешім қабылдадық. Олар бірден іске кірісті. Комбинаттағы жағдай бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай жақсарған. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Ең басты міндет – Qarmet кәсіпорнының баяғы даңқын қайтарып, әлеуметтік мәселелерді шешуге баса мән беру. Бұл бағыттағы жұмыс басталып кетті. Одан хабардармын. Мен комбинатқа жыл сайын келіп, оның даму барысымен танысып тұрамын.

Президент Саран қаласында тұрмыстық және электр техникасын шығаратын Silk Road Electronics кәсіпорнына да барды. Жалпы ауданы 61 мың шаршы метрден астам өндіріс бұрынғы «Қарағандырезинатехника» зауытының аумағында орналасқан. Жобаның құны – 25 миллиард теңге. Зауыт жыл басынан бері тұрмыстық техника шығарып, оны еліміздің электроника бұйымдарын сататын сауда желілеріне жеткізеді. Бүгінге дейін кәсіпорында 97 мың тұрмыстық техника өндірілген. Компания 2027 жылға қарай толық өндірістік қуатына көшіп, 1,1 миллион тұрмыстық техника шығаруды және өз өнімін ТМД елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр.

Мұнан соң Мемлекет басшысы «Кәусар» оқушылар сарайында болып, жас ұрпақтың шығармашылық және креативті дамуының мәні зор екеніне назар аударды. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға, соның ішінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын өткізуге баса мән беретінін атап өтті. Президент оқушыларды осы маңызды бастамаға белсенді түрде атсалысуға шақырды.