«Қазақ вальсінің королі» атанған әйгілі сазгер 1930 жылы тамыздың 15-і күні қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданындағы Қарақоңыр ауылында дүниеге келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әкесі Қалдаяқ (шын аты - Әнәпия) ұл туса Жәмшид патшаның атын қоям деп жүргенде түс көреді. Түсінде ұлының айдын көлде аққу құс болып жүзіп жүргенін көріп, жақсыға жориды.
Бала кезінен әкесінің алып берген патифонынан Күләш Байсейітованың әнін естіп, жаны жадырады. Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әнін мектеппен қоштасу кешінде мандолинамен орындап, ауылдастарының алдында мерейі өсті.
Шәмші Қалдаяқовтың көптеген әндері Роза Бағланова, Ришад Абдуллин, Бибігүл Төлегенова, Рашид Мұсабаев, Зейнеп Қойшыбаева сынды әншілердің ән бағдарламасынан берік орын алды. Шәмші 1965 жылы Республика жастар сыйлығының лауреаты болды. 1991 жылы Шәмші Қалдаяқов жайлы «Жылдарым менің, жырларым менің» (реж. Т.Ахметов) атты ғұмырнамалық деректі телефильм түсірілді. Артына музыкалық мол мұра қалдырған Шәмші Қалдаяқов 1992 жылы 29 ақпанда Алматы қаласында қайтыс болды.
Шәмші Қалдаяқов жайлы жазушы Құттыбек Баяндин «Ән-ғұмыр» деген естелік кітап жазды.
2002 жылы «Шәмшіғұмыр» атты естеліктер мен мақалалар жинағы жарық көрді.