Түркия келесі жылы «Аккую» атом электр станциясының бірінші реакторын іске қосады, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір 4 энергоблоктың құрылысы қатар жүріп жатыр. Бұл станция елдің оңтүстік аймағының дамуына үлкен серпін береді. 2010 жылы Ресей мен Түркия үкіметі арнайы келісімге қол қойған еді. Құрылысты келісім аясында ресейлік «Росотам» корпорациясы 2018 жылы бастады.
Түркия алғашқы атом электр станциясын салып жатыр. «Аккую» деп аталатын бұл нысан әлемдегі ең үлкен станция болады. Аумағы 10 шаршы шақырымнан асады. Мұнда ресейлік ғалымдардың жетекшілігімен 4 реактор тұрғызылады. Құрылыс жұмыстары күндіз-түні тоқтаған емес. Шамамен 34 мың адам жұмылдырылған. Құрылыс алаңында бетон мен арматура өндіретін зауыттардан бөлек, тікұшақ қонатын алаң мен жүк түсіретін кеме айлағы бар. Сонымен қатар құрылыс басталғалы туристер тарапынан қызығушылық артқан. Себебі бұл жер саяхатшылар арасында танымал Анталья мен Аланияға өте жақын.
Сергей Буцких, «АККУЮ НУКЛЕАР» АҚ бас директоры: - Жоба өңірдің әлеуметтік жағдайына оң әсер етті. Тіпті қалалардың келбеті өзгеріп, ұлғайып келеді. Жаңа кенттер өсіп шықты. Жұмыс орындары ашылып, осындағы кәсіпорындар өндіретін тауар көлемі де ұлғайды.
Атом электр станциясы жарты ғасырдан астам іркіліссіз қызмет етеді. «Соның арқасында бірнеше мың адам екі қолға бір күрек табады», – дейді мамандар.
Нұрлан Жұмағұлов, Energy Monitor қоғамдық қорының директоры: - Атом электр станциясы 50 жылдан аса жұмыс істейді. Демек жергілікті мамандар кемі 50 жыл жұмыспен қамтылады және ең бастысы, құрылыс кезінде жақын маңдағы инфрақұрылым дамиды. Мәселен, қазіргі таңда жаңа әуежай салынды. Туристер саны көбейді. Яғни бір атом электр станциясы Мерсин аймағының өркендеуіне серпін берді.
Станция ғимараты сыртқы әсерлерге төзімді. Биіктігі 10 метр болатын цунамиге, магнитудасы 9 баллдық жер сілкінісіне, тіпті 20 тонналық ұшақ құласа да төтеп береді. Ал толық қуатына шыққанда сағатына 35 млрд кВт электр энергиясы өндіріледі. Яғни Түркиядағы энергия қажеттілігінің 10%-ін немесе 15 млн тұрғыны бар Ыстанбұл қаласын электрмен қамтамасыз етеді. Сарапшылар: «Бұл әлемдегі ең қауіпсіз нысандардың бірі болады», – деп отыр.
Сергей Буцких, «АККУЮ НУКЛЕАР» АҚ бас директоры: - Бұл нысан 3+ технологиясы бойынша салынып жатыр. 3+ дегеніміз – Фукусимодағы апаттан кейін жан-жақты сарапталып жасалған қауіпсіздік деңгейі. Бұл жерде күрделі технологиялық процесс енгізілген. Реактордың сыртқы қорғаныш қабаты болады. Сондай-ақ балқып шыққан қоспаны ұстап қалатын тұтқышы бар. Ол іштегі заттарды сыртқа шығармайды.
АЭС-тің қоршаған ортаға қаупі жоқ. Атмосфераға зиянды қалдықтар шығармайды. Энергетикалық тұрғыда да тиімді. Мәселен, 3 вагон көмір беретін энергияны 3 грамм ядролық отыннан алуға болады. Алғашқы блокты 2025 жылы іске қосу көзделіп отыр. Түркия билігі атом энергетикасын барынша дамытпақ. Келешекте елдің бірнеше өңірінде станциялар салынады.