Русский Сайттың толық нұсқасы

Артынан теуіп, таяқпен қорқытады: Қостанайда ерекше балаларға арналған орталықтың мұғалімі оқушыларды ұрып-соққан

  • AstanaTV
  • 17 тамыз 2024
  • 282

Қостанайда ерекше балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығында дене шынықтыру мұғалімі оқушыларды ұрып-соққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Әлеуметтік желіде орталықтағы бейнебақылау камераларына түсірілген видеолар пайда болды. Желіде тараған видеолардың бірінен ер адамның орталықтың спорт залында жүгіру жолағында жүгіріп тұрған жасөспірімді тепкілеп жатқанын көруге болады. Екінші видеода, ер адам қолындағы таяқпен балаға жақындап, балаға дұрыс жүгіруді үйретіп жатқанын көруге болады. Ал үшінші видеода дене шынықтыру мұғалімінен қашып, бір бұрышқа тығылмақ болған қыз бейнеленген. 

Аталмыш видеоларды көрген ата-аналар шошып кеткен. Видеодағы қыздың анасы мұғалімді “қызымның денесіне қол жүгіртті” деп айыптады. Әйел полицияға арыз жазып, оған басқа ата-аналар да қосылған. Алайда БАҚ-тағы мәліметке сүйенсек, ата-аналар орталық басшылығымен болған келіссөздерден кейін өз арыздарынан бас тартқан.

Орталықтың директоры Дина Кусалина денсаулығына байланысты уақытша демалыста екенін, желіде тараған видеоларды көрмегенін айтты. Бірақ жағдайға қатысты дене шынықтыру мұғалімінің жұмыстан шеттетілгенін атап өтті. 

“Бұл мұғалім қазір жұмыстан шеттетілді. Онымен құқық қорғау органдары айналысады”, – деді Дина Кусалина.