Русский Сайттың толық нұсқасы

Солтүстік Қазақстанның құтқарушылары тасқынға қарсы әрекеттерді пысықтап жатыр

  • AstanaTV
  • 09 наурыз 2017
  • 2651

Солтүстік Қазақстан облысының құтқарушылары тасқынға қарсы әрекеттерді пысықтап жатыр. Бүгін төтенше жағдай қызметкерлері "Көктем-2017" оқу-жаттығу шараларын ұйымдастырып, әдетте су тасқыны кезінде болатын апаттарды жою бағытында жұмыс істеді. Құзырлы орган өкілдері, әсіресе, бөгеттің жарылуы кезіндегі әрекеттерін жетілдірді. Себебі, ірі стратегиялық нысандар істен шықса, абыржып қалмау керек, дейді жауапты мекеме басшылығы. Ал тұрғындар болса, дереу қар шығарып, өз бетінше тасқынның алдын алып жатыр.  Теріскейліктердің дайындығы жөнінде аймақтағы тілшіміз әңгімелейді.

Апат айтып келмесе де, теріскей құтқарушылары оған дер кезінде төтеп беруді діттеп отыр. Әсіресе, дамбалар мәселесі қазір өңірде өткір тұр. Аймақта екі ірі бөгеттегі қар көлемі қалыпты мөлшерден асып кеткен. Сергеев су қоймасы 94 пайызға, ал Петропавлдағы нысан 88 пайызға толған. Дамбалардың жағдайлары апатты болмаса да, төтенше жағдай қызметкерлері олардың жарылуы кезіндегі әрекеттерді пысықтады. Сценарий бойынша, табан астынан ірі бөгет істен шығып, 12 үйді су басты. Артынша тез арада 30 адам қауіпсіз аумаққа шығарылды.

Қазір Солтүстік Қазақстан облысында 95 ауылға су басу қауіпі төніп тұр. Оның басым бөлігінде арықтар қазылып, елді-мекеннің жан-жағынан құмды бөгеттер тұрғызылған. Биылғы көктемгі апаттарды жоюға ел қазынасынан 300 миллион теңге бөлінген. Қарбалас кезеңде 600-ге жуық бірлік техника мен 2800 адам жұмылдырылмақ. Бұдан бөлек, 1 миллион тоннадан астам инертті материалдар әзірленіп қойылған.

Болатжан Асқарбеков, СҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою бөлімінің басшысы:

Оқу-жаттығу шараларына барлығы 26 бірлік техника мен 48 маман қатысқан. Біз адамдарды эвакуйиялап қана қоймай, батып бара жатқан адамдарды да құтқардық. Осындай жаттығулардың арқасында біз жіберілетін қателіктерді әу бастан анықтап, оларды шынайы апат кезінде болдырмауға тырысамыз.

Ал бұқара өз бетімен тірлік қылуға кірісті. Ертең еріген қар суы көшелерге жайылмау үшін олар аула ішіндегі қарды жинап әлек.

Абзал Құрманкин, тілші:

Тасқын салдарын күтіп, қол қусырып отырғаннан шаршаған Заречный кентінің тұрғыны Дмитрий Клишин өз қолымен кішігірім трактор құрастырып шығарған. Себебі, жауын-шашын мөлшері шамадан тыс жауған кезде, бұл аймақты ылғи су басады. Жаңа техниканың көмегімен айналадағы бүкіл қарды сырып тастағаннан кейін көзік ашылды, дейді тәжірибелі механик.

Дмитрий Клишин техниканы жинау кезінде қорада шаң басып жатқан бөлшектерді кәдеге жаратқан. Кейбір темір-терсектерді көршілері әкеліп берген екен. Сөйтіп, шағын тракторды 2 айдың ішінде құрастырып шығарған.

Дмитрий Клишин, Заречный кентінің тұрғыны:

Қар көп болғанда, аулаға су бақшадан кіреді. Су баспау үшін ауланың ішін, жан-жағын қардан тазалаймын. Биыл қар көп. Бірақ, үлкен омбы қарды менің тракторым ала алмайды. Сондықтан мықты қозғалтқыш салуды жоспарлап отырмын.

Жалпы, синоптиктердің мәліметінше Қызылжар өңірінде күн райы Наурыздың аяқ кезінде жылына түседі. Сол кезде қар күр еріп, мұны арты тасқынға алып келуі мүмкін, дейді құтқарушылар. Осыған байланысты қазір жер-жерде арнайы штабтар құрылып, қауіпті аумақтар жіті бақылауға алынған.

А.ҚҰРМАНКИН