Русский Сайттың толық нұсқасы

Әуежайларда бақылау күшейтілді

Қазақстан әуежайларында маймыл шешегіне қарсы бақылау күшейтілді. Шекара өткелдері, санитариялық-карантиндік пункттерде тексеріс қатаңдайды. Сондай-ақ инфекция тіркелген елдерден келген азаматтарға баса назар аударылады. Айта кетейік ауруханаларда маймыл шешегінің бірде-бір жағдайы тіркелмеген. Инфекцияның таралуын болдырмау үшін Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиялық елдерге сапар шегуді жоспарлап отырған азаматтарға сақтық шараларын сақтауды ұсынады

ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ:

• Ауру адамдармен және жабайы жануарлармен байланыста болудан аулақ болыңыз.
• Қорғаныс құралдарын қолданыңыз. Жануарлармен немесе олардың өнімдерімен байланыста болған кезде қорғаныс киімдері мен қолғаптарын қолдану маңызды.
• Гигиенаны сақтау. Қолды үнемі жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдану инфекцияның таралу қаупін азайтуға көмектеседі.
• Аса қажеттілік туындамаса, маймыл шешегі тіркелген елдерге шықпауға кеңес береміз.
• Алғашқы белгілер пайда болған кезде дәрігерге жүгініңіз. Егер бөртпе, жоғары температура және басқа да белгілер пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгіну керек.

Маймыл шешегі көп тіркелген ел – Испания. Жыл басынан бері 264 адам медициналық көмекке жүгінген. Сондай-ақ Франция және Ұлыбританияда дертті жұқтырғандар көп. Африкада жағдай тіпті қиын. 13 елде инфекция тараған. Конгода 16 мыңдай дерек расталған. 550 науқас қайтыс болды. Ал, көршілес Қытай шекарашылары елге келгендер жарты жылға дейін тексеруден өтетінін ескертті. Сондай-ақ сырттан келген тауарлар да тексеріледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаһандық төтенше жағдай режимін жариялады.