Биылғы көктем атыраулықтар үшін жауын-шашынмен басталды. Осының салдарынан үй аулалары мен жертөлелер суға толды. Аймақта бүгін үшінші тәулік жаңбыр сіркіреп тұр. Қала билігі жағдайды бақылауға алған. Олар жер асты суларының көтерілуінен қауіптеніп отыр.
Бұл орталық көшелердің бірінде тұратын - Сатыбалдиевтардың шаңырағы. Олар баспанадағы тобықтан келетін суды кешіп, осында түнеуге мәжбүр. Отбасы мүшелерінен де әбден береке кеткен, балалар сабақтан қалып, туыстарды жағалап жүр.
Света Абремова, Атырау қаласының тұрғыны:
Бір рет водовоз сорды. Қайта-қайта орнына келеді су деген. Мына жерде қар болды. Қардың бәрі еріп келіп жатқан сияқты осы су. Бұрын майда кеттік суға. Тағы екінші кету ғой.
Тобықтан су кешіп отырған отбасылар саны аз емес. Бірнеше көшенің тұрғындары қызыл сумен алысып шаршаған. Соңғы 3 күнде сіркіреген жаңбыр олардың бейнетін тіпті еселеп жіберді. Бүгін қаланы аралауға шыққан шаһар басшысы Нұрлыбек Ожаевтың айтуынша, бұған жер асты суларының көтерілуі себеп болып тұр.
Нұрлыбек Ожаев, Атырау қаласының әкімі:
Халық арасында Азия, Еуропа бетіндегі тұрғындардан жер асты суының көтерілуіне байланысты еденде , я болмаса үйдің ішінен су көрінген арыз-шағымдар бар. Күні бүгін 60 шақты арыз-шағым бар.
Әкімнің айтуынша, 67 ұңғыма арқылы жер асты суының өлшемі алынуда. Кей жерлерде нормадан 1 метр 10 сантиметрге дейін көтерілген жағдай тіркелген. Сондықтан бұрғылар қондырып, жер асты суын сору арқылы төмендетуді көздеп отыр. Бірақ ол үшін уақыт пен қомақты қаржы керек екендігін мойындайды. Жалпы, көктем басталғалы аймаққа жауын шашын әдеттегі нормадан екі жарым есе көп түскен.
Әлібек Жанғалиев, Атырау облысы бойынша ТЖД бөлімше бастығы:
Әр күнге 30-40 шағымнан түсіп отыр. Бұның бәрі «Арнаулы автобаза» және Атырау су арнасы «мекемелерінің тиісті тіркеу журналдарында тіркеліп, су сору техникаларын уақытылы жолдап отыр олар.
Әкімдіктегілер ауладағы жиналған жаңбыр суын әркім ақысына өздері сорғызсын,- деп талап қойып отыр. Ал жер асты суы көтерілген үйлерге коммуналдық мекемелер тегін көмек көрсетпек. Дегенмен, екі, үш қабатты зәулім сарайда тұратын дәулетті атыраулықтар да биліктегілерден тегін көмек көрсетуін сұрап жиі қоңырау шалатын көрінеді.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ