Астанада елімізде атом электр станциясын салу бойынша қоғамдық тыңдау өтіп жатыр. Іс-шараны Қазақстанның азаматтық альянсы мен Астана қаласының қоғамдық кеңесі ұйымдастырды. Шара барысында алдымен сала мамандары сөз алды, кейін жиналғандар АЭС-ке қатысты сұрақтарына жауап алады, - деп жазды KAZINFORM
«Елімізде электр қуатын өндіретін станциялардың 70% көмір жағады және олар тозған. Алдағы 10 жылда кейбір станциялардың жұмысын тоқтатуға тура келеді. Одан басқа, елімізде энергия тұтыну көлемі жылдан жылға өсіп келеді, осы орайда 2035 жылға дейінгі электр энергиясын тұтыну жоспары бекітілді. Ол бойынша алдағы 10 жылда қуаты 26,5 мың Гвт энергия станциялары іске қосылады. Оның ішінде қолданыстағы электр станцияларын жаңарту жұмыстары да бар. Қазір Қазақстанда жаңартылған энергия көздері яғни жел, күн электр станциялары жақсы дамып жатыр. Одан бөлек, су станциялары да жаңартылуда», - деді Энергетика министрлігі атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова.
Маманның айтуынша, көмірмен жұмыс істейтін электр станциялардан қоршаған ортаға келер залал көп.
«Сол себептен референдум нәтижелі болған жағдайда, біз үлкен қуатты екі реакторы бар бір атом электр станциясын салуды қарастырып жатырмыз. Себебі атом электр станциясы жасыл энергетикаға жатады. Көмірқышқыл газ шығындылары нөл. Біздің алдымызда 2060 жылы көміртегі бейтараптығына қол жеткізу, яғни көмірқышқыл шығындыларын азайту мақсаты тұр. Бүгінде ел аумағында 46 күн электр станциясы, 59 жел электр станциясы жұмыс істейді. Қазір бүкіл әлем атом электр станциясын дамытуға тырысып жатыр, әлемде 415 реактор жұмыс істеп тұр, ең көбі АҚШ-та, Қытай 26 реактор салып жатыр, бір атом электр станциясында бірнеше реактор жұмыс істеуі мүмкін. Көршіміз Өзбекстан да атом электр станциясын саламыз деп жариялады. Біздің елдің атом саласында тәжірибесі мол», - дейді ол.