Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекет басшысы Астанадағы бірқатар жаңа мектепті аралап көрді

Мемлекет басшысы Астана қаласы Есіл ауданындағы №103 мектепке барды. Онда заманауи құрылғылармен жабдықталған оқу кабинеттерін аралап көрді. Білім ошағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған. Президентке оқу-тәрбие жұмыстарына қолайлы жағдай жасау жаңа мектептердің басты ерекшелігі екені айтылды. Білім ордасының аумағы мен ғимарат ішінде оқушылардың қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етілген. Ол үшін бейнебақылау жүйесі орнатылған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары жеке-жеке блоктарда білім алады, ерекше қажеттіліктері бар балаларға тиісті жағдай жасалған.

Президент Астана қаласының «Нұра» ауданындағы №101 мектепті де аралап көрді. Аталған білім ордасында екі ауысымда 4 мың оқушы жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша оқиды.Президентке жаңа мектептің мүмкіндіктері, атап айтқанда, оқушылардың шығармашылық дағдыларын дамыту, цифрлық технологияларды зерттеу, жасанды интеллектіні қолдану, «Оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асыру, оқу бағдарламасы мен роботты техниканы үйлестіру бағыттары жайында мәлімет берілді. Айта кетейік, биыл қалада "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 24 оқу ошағы салынып жатыр.