Русский Сайттың толық нұсқасы

Елбасы «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды

  • AstanaTV
  • 10 наурыз 2017
  • 2627

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға жариялы түрде қол қойды. Тың өзгерістер - "қазіргі басқару жүйесін жаңғыртуға бастайтын маңызды қадам", - деп бағалады Президент. Сондай-ақ мемлекет басшысы 26-шы бапқа қатысты халықтың пікіріне ерекше мән бергендігін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


Біз көпшіліктің Ата заңдағы 26-бапқа өзгеріс енгізу жөніндегі ұсынысқа қатысты пікіріне ерекше мән бердік. Ұсыныстардың бәрі мұқият қаралған соң, мен түпкілікті жобаны Парламент қарауына енгіздім. Парламенттің бірлескен отырысында екі рет қаралып, қабылданған бұл заң билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөледі. Сол арқылы заң шығарушы билік пен Үкіметтің мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңа рөлі айқындалады.

Президент жұмыс тобы халықтың ұсынысының әрқайсын саралап, ортақ мәмілеге келгендігін жеткізді. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Ата заңды қабылдауда қоғамдық талқылауға қатысқан азаматтар мен арнайы құрылған жұмыс тобының қызметін жоғары бағалады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Конституциядан кейін қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізіледі. Осыған орай тиісті жұмыстар жүргізіледі. Енгізілген заңды мен Конституцияның талабы бойынша Конституциялық кеңеске жіберіп, бұл заңның Конституцияға және Қазақстанның заңдарына сай екені жөнінде тағы да дәлелдеме алдым. Енді заңға қол қойып, іске асыруға болады.

Елдос САПАРҒАЛИ