Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада тісін жұлған бала екі жыл бойы ұйықтай алмай, ақыры мүгедек болып қалған

  • AstanaTV
  • 23 тамыз 2024
  • 269

Қызылорда қаласының тұрғыны баласын мүгедек қылған стоматологиялық емханадан 1,5 миллион теңге өтемақы өндіріп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жоғарғы соттың ақпаратынша, қызылордалық әйел тісі ауырған баласын орталық қалалық емхананың балалар стоматологиясына апарып, тісін жұлдыртқан. Бірақ ертесіне баланың баланың жақ сүйегі ісіп, денсаулығы нашарлайды. Кейін балаға облыстық көпсалалы аурухананың жақ-бет бөлімшесінде «Сол жақ төменгі жақтың жедел іріңді одонтогенді флегмонасы, 7,5 тісін жұлғандағы жағдайы» диагнозымен екі рет ота жасалған. Арада алты ай өткенде баланың жақ сүйегі қайта ісіп, іріңді жарасы жазылмағандықтан, олар Алматы қаласында ақылы негізде емделуге мәжбүр болған.

Әділдік іздеген ана баланың тісін жұлған стоматологиялық емхананы тексеруді талап етеді.

«Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті ананың шағымымен жүргізілген емхананы тексеру қорытындысына сәйкес, емхананың тіс дәрігері кәмелетке толмаған балаға медициналық көмек көрсету кезінде клиникалық диагностика және емдеу хаттамаларын сақтамаған. Оның тісін стоматологтың орта медициналық білімі бар ассистенті жұлған, ол емдеу алдында жақ сүйегінің рентгенографиясын тексермей, салдарынан ауру асқынып, төменгі жақтың қабыну процесі жүрген», - деп мәлімдеді Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.

Баланың анасы стоматологиялық емханадан өзіне келтірілген моральдық және материалдық шығынды өтеуді талап етіп, сотқа жүгінген. Әйел өз арызында медицина қызметкерінің салғырттығынан және алғашқы медициналық көмекті дұрыс көрсетпеуінен ауру асқынып, бала 2 жылға жуық ұйықтай алмай, дәрігерлердің қорытындысы бойынша мүгедек болып қалғанын көрсеткен. Сондай-ақ олар ақылы негізде үш операция жасауға, тісін емдеуге және дәрігерлерден кеңес алуға мәжбүр болған.

Сот стоматологиялық емханадан моральдық және материалдық шығын ретінде 1,5 миллион теңгеден астам өтемақы өндірді.