Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада ҚХА ұйымдастыруымен «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті

Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті.Шара аясында тұрмыс жағдайы төмен отбасылар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік көмек көрсетілді. Тек сый беріп қоймай, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Келген балалар үшін ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылған.

Кәусар БОЛАТ, ОҚУШЫ:

Жасым – 8-де. Мен 38 мектептің оқушысымын. 3 сыныпқа көштім.  Біз билеп жатырмыз. Сосын ойындар ойнадық. Бізге бәрі ұнады.

Игі шара этномәдени бірлестіктердің мүшелері мен Аналар кеңесі, «Жомарт жан» орталығының қолдауымен өтті. 200-ден астам балаға мектеп сөмкелері мен оқу құралдары табысталды.

 Мөлдір ТҰРСЫНБЕКҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бұл туралы өзіміздің туыстарымыздан естіген едік. Бүгін хабарласып, осындай уақытта келуімізді өтінді. Келдік. Кереметтей іс-шаралар ұйымдастырып, балаларға көңіл-күй сыйлап жатыр. Әртүрлі ойындар ойнатып жатыр. Мектеп алдында сондай керемет көңіл-күй сыйлап жатыр. Үлкен-үлкен рақмет ұйымдастырып жатқан ұйымдастырушыларға!

Жыл сайын өткізілетін акцияға Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді түрде қатысады. Жыл басынан бері Ассамблея мүшелері 49,5 млн теңге болатын қайырымдылық және гуманитарлық көмек көрсеткен.

Әміржан ӘЛПЕЙІСОВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚХА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Мектепке баратын балаға қаламсап не болмаса дәптер, фламастер беріп қана қою емес, сонымен бірге, оларға көңіл бөліп, достықты, қайырымдылықты, сезімді, бүлдіршіндер өздеріне жаны ашитын, оларды ойлайтын Мемлекет бар, осындай қоғамдық ұйым бар екенін көрсеткіміз келеді.

Дәстүрлі шара еліміздің барлық өңірін қамтыған. Өткен жылы 216 бала мектепке қажетті құрал-жабдықтарды иеленді.