Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы облысында өгей қызын зорлады деген күдіктінің жазықсыз екені дәлелденсе де, түрмеден босатылмай жатыр

  • AstanaTV
  • 23 тамыз 2024
  • 415

2023 жылдың 29 тамызында Алматы облысында жаға ұстатарлық қылмыстық іс тіркелді. “Өгей қызын зорлады” деген айып тағылған күдікті қамауға алынды. Проктолог, гинеколог мамандар жеткіншектің денсаулығын жіті тексеріп, 90 парақтан тұратын комплекстік сараптама тағайындаған. Нәтижесінде, оған ешқандай нұқсан келмегені дәлелденген. Істің мән-жайы анықталса да, күдікті әлі абақтыда отыр. Айыпталушының анасы араша сұрап, әлек боп жүр.

Ақкүміс БАБАЕВА, АЙЫПТАЛУШЫНЫҢ АНАСЫ:

РОВД тексерді, бәрі дұрыс деді. Баламның ешқандай жазығы жоқ, неше түрлі 3-4 рет экспертизадан өткізді баламды. Енді прокуратура рұқсат беріп отыр. Ал мыналар 12 айдан бері бір деломен танысқан емес. Деломен таныспай тұрып, кеше 3 күн болды, бұлардың делоны алдыртып алып бүгін тексереміз деп. 12 айдан бері ай қарап отыр ма бұлар?

Қылмыстық істің басы-қасында жүрген заңгер Ғабит Өмірбековтың айтуынша, жеткіншектің анасы екінші рет тұрмыс құрып, тағы екі баланы дүниеге әкелген. Ал, қыз 6 жасына дейін әжесінің қолында өсіпті. Одан соң шешесі баласын мектепке беремін деп, қайта бауырына басқан. “Айып таққан қыз әжесінің жанына қайта бару үшін осындай оқиға өз ойынан ойлап табуы мүмкін” - дейді қорғаушы.

Ғабит ӨМІРБЕКОВ, ЗАҢГЕР:

Әжесі қорғау тарапының айтуы бойынша, күйеубаласымен ара-қатынасы жақсы емес екен нашар екен. Сол кезде олар қызды зорлады деген тұжырымға келіп, ол жағдайды естігеннен кейін де олар бірден хабарламаған. Өздерінің туған күндерін жасапты, тойлапты содан кейін барып біздің қызымыздың ар-ожданына нұқсан келтіріпсің деп арыз жазған екен.

 Күдіктінің абақтыда отырғанына тура 1 жыл болған. Алматы облыстық полиция департаменті әлі тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Мәлік ҚАБДУӘЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыстық нәтижесі бойынша түпкілікті шешім қабылданатын болады. Қылмыстық іске сараптама тағайындалған. Сондықтан тергеу амалдары созылуда.